Ирактың солтүстігінде жауынгерлер езидтер ауылына шабуыл жасап, 80 адамды өлтірді

ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - «Ирак пен Леванттың ислам мемлекеті» көтерілісші ұйымының жауынгерлері Ирактың солтүстігіндегі Кочо ауылының бейбіт тұрғындарына шабуыл жасады. Салдарынан ондаған адам қаза болды. Олардың көбі езидтіктер.

«Сексенге жуық курд-езид өлтірілді. Олар халыққа қарсы үлкен қылмыс жасады», - деді жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында жоғары шенді шенеунік Хошияр Зибари.

Әскери дерек көздеріне сүйенген Х.Зибари жауынгерлердің ауылға машиналармен түстен кейін келіп, адамдарды өлтіре бастағынын айтты. Бейбіт тұрғындарды қыру бір сағатқа жалғасқан. Сексен ер адамды атып өлтіріп, әйелдер мен қыздарды Тал афар қаласына алып кеткен, деп қосты Ирак өкілі.

Курд шенеунігі Ирактың Дахук провинциясында қаза болғандар туралы мәліметтерді растап, ауылдағы өлі мәйіттерді көзімен көргенін де айтты.

Езидтер - курдтардың этноконфессионалды тобы. Олар курманджий тілінде сөйлейді. Негізінен Ирактың солтүстігі мен Еуропа елдерінде тұрады. Езидтер зароастризммен байланысты ежелгі дінді ұстанады.

Бұл исламшылардың Ирак пен Сирия аумағында тұратын басқа діни конфессиялардың өкілдерін жаппай қырғынға ұшыратқан бірінші оқиға емес. Сунниттер суннизмға көшуді немесе елден көшуді талап еткен, көнбеген жағдайда тұрғындарды өлтіреміз деп қорқытқан.