Иран АҚШ-пен келіссөзге де, жаңа қақтығысқа да дайын — Иран СІМ басшысы

АСТАНА. KAZINFORM — Иран АҚШ-пен келіссөздерді қайта бастауға дайын, бірақ жаңа әскери қақтығыс қаупін де жоққа шығармайды. Тегеран сондай-ақ Ормуз бұғазын қандай жағдайда ашуға дайын екенін айтты, деп хабарлайды IRNA .

Фото: IRNA

Бұл туралы Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи америкалық NBC телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеген.

Оның айтуынша, Вашингтонның жаңа соққы жасау туралы қоқан-лоққысы Тегеранның ұстанымынан бас тартуына себеп болмайды. Министр Иран жаңа әскери текетіреске дайын екенін және кез келген жаңа агрессияға жауап беретінін айтты.

Сонымен қатар дипломат келіссөздерге жол ашық екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұдан арғы әрекеттер туралы шешім АҚШ президенті Дональд Трампқа байланысты.

Ормуз бұғазын ашудың шарты

Аракчи Тегеранның Ормуз бұғазын кеме қатынасы үшін қандай жағдайда ашуға дайын екенін де айтты.

Иран бұғатталған активтерін босатуды және мұнайын еркін сату мүмкіндігін беруді талап етеді. Сыртқы істер министрі Тегеран бұл талаптарды өзінің заңды құқықтарын қорғау деп санайтынын және оларды бұған дейін жасалған келісімдермен байланыстыратынын атап өтті.

Келіссөздер санкциялар мен қаржы мәселелеріндегі келіспеушіліктерге байланысты тығырыққа тірелді ме деген сұраққа Аракчи Иран өз ақшасын қайтаруды талап етіп отырғанын айтты.

— Бұл — біздің өз қаржымыз, басқа біреудің қаражаты емес. Иран тек өз мүлкін қайтаруды талап етіп отыр, — деді министр.

Иран уран байыту туралы не деді

Сұхбат барысында Иранның ядролық бағдарламасы мен 60 пайызға дейін байытылған уран қоры да сөз болды.

Аракчи халықаралық міндеттемелерді бұзды деген айыптауларды жоққа шығарды. Оның айтуынша, уранды 60 пайызға дейін байыту заңсыз емес және елдің ядролық қызметі Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа сәйкес жүргізіліп жатыр.

Иранның СІМ басшысы Тегеран өзінің ядролық бағдарламасын бейбіт мақсаттағы бағдарлама деп санайтынын тағы да атап өтті.

Осыған дейін АҚШ пен Иран арасындағы келіссөз 28 қыркүйекте өтетіні туралы хабарланды.