Иран АҚШ-пен соғысты тоқтатудың шарттарын атады

АСТАНА. KAZINFORM – Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы АҚШ-пен соғысты тоқтату және аймақтағы тұрақтылықты қалпына келтіру үшін орындалуы тиіс бірқатар шартты атады, деп хабарлайды Fars.

Фото: Fars News

Ислам революциясы сақшылар корпусының ресми өкілі, бригада генералы Хосейн Мохеббидің айтуынша, Вашингтон ең алдымен әскери іс-қимылдарды толық тоқтатып, Тегеранға қарсы жаңа қоқан-лоқыдан бас тартуы керек.

Иран тарапы қойған талаптардың қатарында Израиль әскерін Ливаннан шығару, Йемен блокадасын тоқтату, Иранның 24 млрд доллар көлеміндегі бұғатталған активтерін босату, сондай-ақ елдің ядролық және зымыран бағдарламаларына араласпау бар.

– Егер қарсылас қазіргі жағдайды тоқтатқысы келсе, соғысты толық тоқтатып, қайталама қоқан-лоқыдан бас тартуы керек. Осы шарттардың орындалуы аймақтағы тұрақтылықты қалпына келтіруге және Ормуз бұғазын ашуға мүмкіндік береді. Егер қарсылас еліміздегі екі немесе үш нысанға соққы жасаса, Иран күштері оның 20 нысанына жауап соққысын бере алады, – деді Хосейн Мохебби.

Оның мәліметінше, соғыс басталғанға дейін Ормуз бұғазы арқылы тәулігіне шамамен 15 млн баррель мұнай және 5 млн баррель мұнай өнімдері тасымалданған. Қазір бұл көлем айтарлықтай төмендеп, жаһандық жеткізу тізбектеріне қауіп төндіріп отыр.

Мохеббидің мәлімдемесі Тегеран мен Вашингтон арасында қақтығысты аяқтаудың мерзімі мен шарттарына қатысты келіспеушіліктер сақталып отырған тұста жасалды.

АҚШ Президенті Дональд Трамп бұған дейін соғыс 3 қарашаға белгіленген Конгреске аралық сайлаудан кейін бірден аяқталуы мүмкін екенін айтқан. Оның пікірінше, Тегеран дауыс беру барысына ықпал етуге тырысып отыр және АҚШ-тың экономикалық қысымына ұзақ уақыт төтеп бере алмайды.

Алайда The Wall Street Journal америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап, АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс, мемлекеттік хатшы Марко Рубио және басқа да кеңесшілер Трампқа қақтығыстың оның президенттік мерзімінің соңына дейін созылуы мүмкін екенін ескерткенін жазды.

Олардың бағалауынша, Иран Вашингтонның экономикалық және әскери қысымына қарсы тұруын жалғастыра алады.

Бұған дейін АҚШ Иранның мұнай флотына жаңа соққылар жасалуы мүмкін екенін ескерткен еді.