Иран АҚШ-ты Парсы шығанағын ластады деп айыптады

АСТАНА. KAZINFORM – Тегеран Парсы шығанағы мен Оман теңізіне келтірілген экологиялық залал үшін өтемақы талап етуге ниетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.

Фото: Anadolu

Иран СІМ ресми өкілі Эсмаил Багаи дүйсенбіде АҚШ әскери күштерінің қатысуы және Вашингтонның аймақта жүргізген операциялары Парсы шығанағы мен Оман теңізі суларын көпжылдық ластануына әкелді деп кінәлады, деп хабарлайды IRNA.

- Бұл экологиялық залал АҚШ-тың әскери қатысуы және олардың соңғы бес онжылдықта аймақта жүргізген соғыстарының салдары. Парсы шығанағы мен Оман теңізінде қоршаған ортаға келтірілген залал тек соңғы соғыспен ғана байланысты емес, - деп мәлімдеді Багаи дүйсенбіде өткен брифингте.

Оның айтуынша, қоршаған ортаға келтірілген залалдың көлемі триллиондаған долларға жетуі мүмкін. Иран бұл үшін АҚШ пен басқа тараптарды жауапкершілікке тартуға ниетті.

СІМ өкілінің атап өтуінше, соңғы екі жылда АҚШ пен Израильдің Иранға және Парсы шығанағы аймағындағы нысаналарға шабуылдары салдарынан қоршаған ортаға әсер артқан.

Ол ластанудың салдары тек Иранға емес, сонымен қатар аймақтағы басқа мемлекеттерге де әсер ететінін атап өтті.

Бұл мәлімдеме жақында Ормуз бұғазында мұнай төгілгеннен кейін жасалды. Өткен аптада мұнай дағы Иранның Кешм аралының жағалауына жетіп, жағажайлар мен экологиялық тұрғыдан сезімтал мангр ормандарына әсер етті.

Багаи сол кезде алдын ала мәліметтерге сілтеме жасай отырып ластану көзі шетелдік жүк кемесі болғанын хабарлады.

Иран келтірілген залал үшін өтемақы талап етті. Кейінірек ел билігі төгілген мұнай толығымен тазартылғанын мәлімдеді.

Наурыз айында Ирандағы әуе соққыларынан кейін Тегеранда «қара жаңбыр» жауып, ауа ластанғанын жаздық