Иран АҚШ-ты ядролық келіссөзді бұзды деп айыптады

Фото: Фото: aa.com.tr

АСТАНА. KAZINFORM – Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Иранның ядролық отын өндіруге құқығы бар деп мәлімдеді және Америка Құрама Штаттарын «максималистік талаптар мен арандатушылық риторика» кесірінен келіссөзді бұзды деп айыптады, деп хабарлайды Anadolu.

Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған мәлімдемесінде Арагчи бұқаралық ақпарат құралдары арқылы келіссөздердің негізгі бөлігін талқылаудан аулақ екенін айтты. Бірақ «Иранның ядролық бағдарламасы туралы өтіріктің қайталануы негізгі фактілерді өзгертпейді» деп атап өтті.

Министр АҚШ-тың Тегеранға бейбіт ядролық бағдарлама үшін уранды байыту қажет емес деген пікіріне түсініктеме бере отырып, Иранның ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) негізін қалаушы елдерінің бірі ретінде ядролық отын өндірісінің толық цикліне құқығы бар екенін еске салды.

– Ядролық қарудан толық бас тарта отырып, уранды байытатын ЯҚТШ-ға мүше елдер бар. Ираннан басқа мұндай мемлекеттер Азия, Еуропа және Оңтүстік Америкада орналасқан, деді ол.

Арагчи АҚШ-ты агрессивті ұстанымнан сақтандырды.

- Максимализм мен арандатушылық табысқа жету мүмкіндігін жоққа шығарудан басқа ештеңеге әкелмейді. Сенімді және тұрақты келісімге келуге болады. Ол үшін мықты саяси ерік пен әділ көзқарас қажет, - деді ол.

Айта кетейік, АҚШ Иран мен Қытай компанияларына санкция салды.