Иран АҚШ-тың Бахрейн, Кувейт және Иорданиядағы нысандарына қайта соққы жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Иран қарулы күштері АҚШ-тың Ислам Республикасына жасаған кезекті шабуылдарына жауап ретінде Бахрейн, Кувейт және Иорданиядағы америкалық нысандарға қайтадан зымыран және дрондармен соққы жасады, деп хабарлайды Синьхуа .

Фото: 1lurer

Бұл туралы Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) Sepah News ресми ақпараттық порталында жарияланған мәлімдемеде айтылған.

Мәлімдемеге сәйкес, КСИР-дің Әуе-ғарыш күштері Бахрейн мен Кувейттегі АҚШ-тың әуе қорғанысы жүйелеріне, радиолокациялық станцияларына, байланыс инфрақұрылымына және басқа да әскери нысандарына, сондай-ақ Иорданиядағы америкалық әскери нысандарға соққы берген.

КСИР бұл шабуылдардың АҚШ-тың соққыларына жауап ретінде жасалғанын және өңірдегі америкалық әскери нысандарға қарсы ауқымды зымырандық әрі дрондық операцияларға жол ашуға бағытталғанын мәлімдеді.

Бұдан бөлек, Иран армиясы Кувейт пен Бахрейндегі АҚШ-тың бірнеше әскери нысанына, соның ішінде Арифджан әскери базасына, Ахмад әл-Жабер және Шейх-Иса әуе базаларына зымырандар және ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы соққы жасағанын хабарлады.

Сондай-ақ КСИР Бахрейндегі Amazon компаниясының деректерді өңдеу орталығына шабуыл жасағанын мәлімдеді. Иран тарапы мұны АҚШ-тың елдің оңтүстік-батысындағы салынып жатқан «Дарховейн» атом электр станциясына жасаған соққысына жауап деп атады.

Айта кетейік, Иранның Таяу Шығыстағы базаларға жасаған әуе шабуылдарынан шамамен АҚШ-тың 100 әскери қызметшісі жарақат алды.