Иран АҚШ-тың Бахрейн мен Кувейттегі әскери нысандары жойылғанын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы АҚШ-тың Бахрейн мен Кувейттегі әскери инфрақұрылым нысандары жойылғанын мәлімдеді. Бұл ТАСС хабарлады.

Фото: Fars News

Иранның мәліметінше, Әуе-ғарыш күштері «Наср-2» операциясының 24-кезеңі аясында Бахрейндегі америкалық нысандарға зымырандар мен дрондар арқылы бір мезгілде соққы жасаған.

Иран тарапының мәлімдеуінше, шабуыл салдарынан Мұхаррак қаласындағы америкалық радиолокациялық станса мен Риффада орналасқан Patriot әуе қорғанысы жүйесі жойылған.

Бұдан бөлек, Кувейттегі АҚШ әскери инфрақұрылымына да соққы жасалғаны белгілі болды. Иран әскери күштерінің мәліметінше, алыс қашықтықтағы радиолокациялық станса, байланыс орталығы, спутниктік байланыс жүйелері және зымыранға қарсы қорғаныс радиолокациялық кешені жойылған.

Сондай-ақ Кувейттегі Әли әл-Салем әуе базасында орналасқан АҚШ-тың MQ-9 ұшқышсыз ұшу аппараттарына арналған ангардың да жойылғаны айтылды.

Алайда материал жарияланған сәтке дейін АҚШ, Бахрейн және Кувейт билігі бұл мәлімдемеге қатысты ресми түсінік берген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Иран АҚШ-пен арадағы шиеленісті азайту бойынша делдалдардан ұсыныс алғанын мәлімдеген еді.