Иран АҚШ-тың Парсы шығанағындағы әскери нысандарына соққы жасалғанын мәлімдеді

АСТАНА. KAZINFORM — Иран АҚШ-тың Иран аумағына жасаған әуе шабуылдарының үшінші кезеңіне жауап ретінде Парсы шығанағы елдері мен Иорданиядағы америкалық әскери нысандарға зымырандар және ұшқышсыз ұшу аппараттарымен соққы бергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: x.com/ @EnglishFars

Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы жексенбі күні Катардағы Әл-Удейд, Кувейттегі Арифжан және Әли әс-Салем әуе базаларына, Бахрейндегі Жуфайр мен Шейх Иса әуе базасындағы нысандарға, сондай-ақ Иорданиядағы Ханзада Хасан атындағы әуе базасындағы америкалық әскери инфрақұрылымға соққы жасалғанын хабарлады. Бұл туралы Иранның мемлекеттік IRIB телеарнасы мәлімдеді.

Сонымен қатар Иран армиясы Кувейт пен Бахрейндегі америкалық әскери инфрақұрылымға соққы беретін ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылғанын мәлімдеді.

Тегеранның мәліметінше, шабуылдың негізгі нысаналары радиолокациялық станциялар, Patriot әуе қорғанысы жүйесінің элементтері, оқ-дәрі қоймалары мен байланыс нысандары болған. Сондай-ақ Иран бұқаралық ақпарат құралдары Омандағы Дукм портында орналасқан АҚШ күштерінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету нысандарына да соққы жасалғанын хабарлады.

Ислам революциясы сақшылар корпусы бұл операция Иранның оңтүстігіне жасалып жатқан америкалық шабуылдарға жауап екенін мәлімдеп, егер АҚШ әскери іс-қимылды жалғастырса, жауап шараларының ауқымы кеңейетінін ескертті.

Аймақ елдерінің реакциясы

Қатар билігі әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері зымырандарды әуеде жойғанын мәлімдеді. Осыдан кейін елдің Ішкі істер министрлігі тұрғындарды үйлерінде немесе қауіпсіз орындарда болуға шақырды.

Біріккен Араб Әмірліктерінің Қорғаныс министрлігі елдің әуе қорғанысы жүйелері зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылын тойтарғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, елдің әртүрлі өңірінде естілген жарылыстар әуе нысандарын жою кезінде болған.

Бахрейнде екі рет әуе дабылы жарияланды. Елдің Ішкі істер министрлігі тұрғындарды жақын маңдағы қауіпсіз орындарға баруға үндеді.

Кувейт әскері әуе кеңістігіне енген нысандардың жойылғанын хабарлады. Кейін билік үш баллистикалық зымыран, бір қанатты зымыран және он ұшқышсыз ұшу аппараты атып түсірілгенін мәлімдеді. Зымыран сынықтарының құлауынан бір адам жарақат алған. Кувейттің Сыртқы істер министрлігі бұл шабуылды ел егемендігін өрескел бұзу деп бағалады.

Иордания Қарулы күштері жексенбі күні таңертең Иран аумағынан ұшырылған үш зымыран ел аумағына құлағанын хабарлады. Әскерилердің мәліметінше, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, тек аздаған материалдық шығын келтірілген.

Иорданияның Бас қолбасшылығы елдің әуе кеңістігі мен аумағы қандай да бір әскери қақтығыс алаңына айналуына жол бермейтінін және ұлттық қауіпсіздікке төнген кез келген қатерге қатаң жауап беретінін мәлімдеді.

АҚШ пен Иранның мәлімдемелері

АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет Иранның «сәтсіз шешім қабылдағанын» айтып, оның салдары үшін жауап беретінін мәлімдеді.

Ал Иран парламентінің төрағасы әрі АҚШ-пен жасалатын меморандум бойынша бас келіссөз жүргізуші Мұхаммед Бағер Ғалибаф «біржақты келісімдер дәуірі аяқталды» деп мәлімдеді.

АҚШ тарапының дерегінше, шамамен 140 әскери нысанға соққы жасалған. Олардың қатарында зымыран және ұшқышсыз ұшу аппараттары бөлімшелерінің базалары, әскери-теңіз инфрақұрылымы, оқ-дәрі қоймалары, байланыс жүйелері мен жағалау қорғанысы нысандары бар.

Иран бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Бендер-Аббас, Сирик, Чабахар, Асалуйе, Бушер, Бандар-е Дейр, Жаск қалаларында, сондай-ақ Хузестан провинциясындағы Абадан, Махшахр және Хендиджан қалаларында жарылыстар болған.

IRIB телеарнасы мен Mehr агенттігінің мәліметінше, шабуылдар салдарынан бірқатар әскери нысан, оның ішінде казармалар мен әскери бекеттер зақымданған.

Бұған дейін АҚШ Иранға қарсы жаңа әуе шабуылдарының басталғанын мәлімдеген еді.