Иран, АҚШ және ОПЕК+: жаһандық шешімдер мұнай бағасына қалай әсер етеді

Фото: ҚР Энергетика министрлігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Мұнай бағасы мен ұлттық валюта бағамының құбылуы қандай ішкі және сыртқы факторларға тәуелді. Бұл туралы Kazinform агенттігіне қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов айтып берді.

Сарапшының айтуынша, «қара алтынның» құны — әлемде және аймақта болып жатқан сыртқы саяси және экономикалық ахуалдың кешенді көрінісі. 

Мұнай бағасы қалай өзгерді

Өткен жетіде мұнай бағасы барреліне 62,8 долларға дейін төмендеді. Алайда осы аптаның басында баға қайта қалпына келіп, 65 долларға жетті. Көптеген сарапшы бұл өзгерісті ОПЕК+ елдерінің шілде айынан бастап өндірісті тәулігіне 411 мың баррельге арттыру жөніндегі келісімімен байланыстырып отыр.

Сарапшы пікірі

Расул Рысмамбетовтың ойынша, мұнай бағасына ерекше мән тек айтарлықтай өзгерістер кезінде ғана берілуі тиіс.

Фото: primeminister.kz

— Баға елеулі өзгеріске ұшыраған кезде ғана назар аударуға тұрарлық: мысалы, бір күнде 70 доллардан 63 долларға дейін — яғни 10%-ға төмендесе немесе бұл үрдіс бірнеше ай бойы жалғасса. Биыл мұнай құны барреліне 60 доллардан жоғары деңгейде сақталуы ықтимал, — дейді сарапшы.

Геосаясат және мұнай

Сарапшының пікірінше, геосаяси шиеленістер де мұнай нарығына тікелей әсер етеді. Жақында Ресейдегі аэродромдарға жасалған шабуылдар Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөздерге қауіп төндіріп отыр. Бұл бағыттағы кез келген оқиға бағаға әсер етуі мүмкін, дегенмен ұзақ мерзімді болжам жасауға әлі ерте.

— Қандай да бір нақты қорытынды жасау үшін кем дегенде бір ай күту қажет. Тұрақты үрдіс қалыптасқанда ғана айтуға болады. Қазіргі өзгерістер уақытша сипатқа ие, — деді ол. 

Иран, ОПЕК+ және ықтимал санкциялар

Сарапшының пікірінше, геосаяси шиеленістер де мұнай нарығына тікелей әсер етеді. Жақында Ресейдегі аэродромдарға жасалған шабуылдар Мәскеу мен Киев арасындағы күрделі келіссөздерге теріс ықпал етуі мүмкін. Мұндай оқиғалар нарықтағы тұрақсыздықты күшейтіп, баға ауытқуларына себеп болуы ықтимал. 

Дегенмен, сарапшы әзірге ұзақ мерзімді қорытынды жасауға ерте екенін ескертеді.

Иранмен келіссөздер және ықтимал санкциялар

Мұнай бағасына Иран мен АҚШ арасындағы ядролық келісім бойынша келіссөздердің барысы да әсер етіп жатыр. Егер Тегеран Вашингтонның ұсыныстарын қабылдамаса, бұл мұнай нарығындағы шиеленісті күшейтіп, Иран мұнайына қайтадан санкциялар салынуына әкеп соғуы мүмкін.

— АҚШ конвенциясында ресейлік мұнайға қатысты санкцияларды күшейту мәселесі де талқыланып жатыр. Ал ОПЕК+ тарапынан өндіріс көлемін арттыру мөлшері күткендей жоғары болмады. Бұл әлемдік нарықта ұсыныс тапшылығы сақталатынын білдіреді, — дейді Рысмамбетов 

Бағаға әсер ететін негізгі факторлар

Сарапшы мұнай бағасына ықпал ететін басты төрт факторды атап өтті: Украина мен Ресей арасындағы келіссөздердің барысы, Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдай, ОПЕК+ шешімдері және АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қатынастары.

Айтуынша, соңғы фактор ерекше маңызға ие.

— Сауда-саттықтағы шарттар мен тарифтер қаншалықты қатал болса, жаһандық экономикаға болжам соншалықты нашарлайды, ал бұл мұнай бағасының төмендеуіне әкеледі. Керісінше, егер елдер келісімге келіп, сауда дауын реттей алса, бұл нарықтың тұрақтануына сеп болады, — деді сарапшы. 

Спикер қарапайым азаматтарға қысқа мерзімді баға өзгерістеріне алаңдамауға кеңес берді.

— Мұндай жедел жаңалықтар тек трейдерлер үшін маңызды. Қарапайым адамдар ұзақ мерзімді үрдістерге — кем дегенде екі аптаға, ең дұрысы бір ай мен тоқсан қарап отыруы қажет. Бұл жағдайды объективті бағалауға мүмкіндік береді, — деп түйіндеді ол. 

Бұған дейін ОПЕК+ сегіз елі шілде айында мұнай өндіруді арттыратынын хабарланған болатын.