Иран алғаш рет Исфахан аспанында ұшқышсыз ұқшатын аппаратты атып түсірді

Фото: x.com / @SuppressedNws

АСТАНА. KAZINFORM – Израиль ұшқышсыз ұшатын аппаратынан айырылғанын мойындады, алайда жойғыш ұшағының атып түсірілгенін жоққа шығарды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Иран қарулы күштері сейсенбіге қараған түні елдің орталық бөлігіндегі Исфахан қаласы маңында Израильдің ұшқышсыз ұшатын аппаратын атып түсіргенін мәлімдеді.

Иранның мемлекеттік IRIB телеарнасының мәліметінше, әңгіме Израиль әскери әуе күштері қолданатын Hermes 900 барлау ұшағы туралы болып отыр. Эфирден ұшқышсыз аппараттың сынықтары көрсетілді.

The Times of Israel басылымының хабарлауынша, бұл алғаш рет болып отырған оқиға.

Кейінірек Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) бұл оқиғаны растап, ұрыс барысында Израильге тиесілі ұшқышсыз ұшатын аппарат Иран аумағында зымыранмен атып түсірілгенін мәлімдеді.

— Ұшқышсыз аппарат құлады, алайда құпия мәліметтердің тарау қаупі жоқ, — делінген мәлімдемеде.

Израиль әскері өкілдерінің айтуынша, олар жұмадан бастап Иранның батыс өңірлері мен Тегеранның әуе кеңістігін қоса алғанда өз базаларынан 1500 шақырымнан астам қашықтықта операциялар жүргізіп келеді.

Израильдің әскери әуе күштері осы уақытқа дейін 70-тен астам ирандық зениттік батареяны жойып, әуе үстемдігін қамтамасыз ету үшін шабуылдарын жалғастырған.

- Әуеде үстемдікке ие болу үшін жедел жоспарда көрсетілген түрлі қиындықтарға толы бастамаларды жүзеге асыру керек,- деді Израиль әскери ведомствосының өкілдері.

Сонымен қатар Израильдің қорғаныс армиясы Исфахан аспанында болған оқиғаны тергеу жұмыстары әлі жүріп жатқанын жеткізді.

F-35 жойғыш ұшағы туралы хабар

Иранның бұқаралық ақпарат құралдары таратқан мәліметке сәйкес, Тегеранның оңтүстігіндегі Джавадабад аймағында түнгі ұрыс қимылдары кезінде Израильге тиесілі бесінші буынға жататын F-35 жойғыш ұшағы атып түсірілген болуы мүмкін.

Бұл туралы IRNA ресми агенттігі елдің Қарулы күштеріндегі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады. Алайда бұл мәлімдемені растайтын нақты дәлелдер жоқ.

Израиль жағы бұл ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартып, бұған дейін Иран аумағында бірде-бір жойғыш ұшағын жоғалтпағанын мәлімдеген болатын.

Осыған дейін Израильде соғыс жағдайындағы тергеуге шектеу қойылатыны туралы жаздық.