Иран араб елдеріндегі АҚШ пен одақтастарының нысандарына 5,4 мыңнан астам соққы жасады

АСТАНА. KAZINFORM – Иран АҚШ пен Израильдің шабуылдарына жауап ретінде 28 ақпаннан бері жеті араб еліндегі америкалық базалар мен стратегиялық нысандарға кемінде 5 471 зымырандық және ұшқышсыз аппарат арқылы соққы жасаған. Бұл нысандардың басым бөлігі Парсы шығанағы аймағында орналасқан, деп хабарлайды Анадолу агенттігі.

Фото: Анадолу

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы шабуылдары мен Тегеранның жауап соққылары жалғасып жатқан жағдайда, Парсы шығанағы елдеріндегі көптеген стратегиялық нысандар нысанаға алынды.

«Анадолы» агенттігінің тілшісі зардап шеккен елдердің қорғаныс министрліктері мен ақпарат орталықтарының мәліметтері негізінде жинаған деректерге сәйкес, ең көп соққы Біріккен Араб Әмірліктеріне жасалған.

Біріккен Араб Әмірліктері қорғаныс министрлігінің жазбаша мәлімдемесінде шабуылдар басталғалы елдің әуе қорғаныс жүйелері 414 баллистикалық зымыранды, 15 қанатты зымыранды және 1 914 ұшқышсыз ұшу аппаратын қағып түсіргені айтылған.

Кувейт үкіметінің ақпарат орталығы мен ел армиясының мәліметіне сәйкес, Иранның жауап соққылары басталғалы бері 309 баллистикалық зымыран мен 616 ұшқышсыз аппарат залалсыздандырылған.

Бахрейн қорғаныс күштерінің бас қолбасшылығы аталған күннен бері елдің әуе қорғаныс жүйелері 174 зымыран мен 391 ұшқышсыз ұшу аппаратын жойғанын хабарлады.

Қатар қорғаныс министрлігі ел аумағына 206 баллистикалық зымыран мен 93 ұшқышсыз аппарат жіберілгенін мәлімдеді.

Иордания армиясының дерегінше, АҚШ, Израиль және Иран арасындағы қақтығыс кезінде ел аумағына 262 зымырандық және ұшқышсыз соққы жасалған.

Сауд Арабиясы қорғаныс министрлігі ел аумағына кемінде 52 зымыран мен 1 006 ұшқышсыз аппарат бағытталғанын хабарлады.

Оман сұлтандығы өз аумағына 19 ұшқышсыз аппаратпен шабуыл жасалғанын мәлімдеді.

Еске сала кетсек, Иран енді аймақтағы АҚШ пен Израиль университеттеріне соққы жасайтынын ескертті.

Иран парламентінің спикері Вашингтон жасырын түрде құрлықтағы шабуылға дайындалып жатқанын мәлімдеді.