Иран әуежайларының жұмысы қайта жанданды

АСТАНА.KAZINFORM — Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Иран әуежайлары жұмысын уақытша тоқтатқан болатын. Алайда бүгін әуежай жұмысы қайта жанданып, рейстер ұша бастады.  Бұл туралы Иранның Азаматтық авиация ұйымының өкілі Джафар Язарлу мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Фото: IRNA

Сейсенбі күні Израильге жасалған зымыран шабуылынан кейін Иран әуежайы жұмысын уақытша тоқтатқан еді.

— Қолайлы және қауіпсіз ұшу жағдайларын қамтамасыз еткеннен кейін және шектеулерді алып тастағаннан кейін авиакомпанияларға рейстерді орындауға рұқсат етілді, — деді Джафар Язарлу бейсенбіде.

Ол жолаушыларға әуежайға барар алдында әуе компанияларының ұшу кестелерін тексеруге және саяхат жоспарларын растауға кеңес берді, деп хабарлайды IRNA.

Язарлу сонымен қатар авиакомпаниялар зардап шеккен жолаушыларға тоқтатылған рейс билеттерінің құнын толығымен қайтаратынын атап өтті.

Бұған дейін Иран билігі республиканың әуе кеңістігі бейсенбі күні таңертеңге дейін жабылатынын хабарлаған.

Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі өз кезегінде еуропалық әуе компанияларына кем дегенде 31 қазанға дейін Иранның әуе кеңістігіне ұшудан бас тартуды ұсынды.

Израильдің жақын арада Иранға қарсы кек қайтарамыз деген қоқан-лоққыларына қарамастан Иран әуежайларындағы операциялар қайта жанданды.

Иранның Израильге жасаған зымыран шабуылдарынан кейін халықаралық әуе компаниялары рейстер бағытын өзгерткенін бұған дейін хабарлаған едік.

Қазақстандық әуе компаниялары да Иранның әуе кеңістігінен айналып ұшатын болады. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Таяу Шығыстағы жағдайдың нашарлауына байланысты отандық әуе компанияларына Иранның үстінен ұшпауды ұсынды. «Эйр Астана» әуе компаниясы Иранды айналып өтіп, БАӘ-ге ұшатын болады.