Иран Ислам революциясының сақшылар корпусы 13 қарашада Бахрейн аумағындағы АҚШ-тың алдын ала ескерту радиолокациялық станциясын жойғанын мәлімдеді. Бұл туралы ведомствоның мәлімдемесіне сілтеме жасаған Иранның IRNA агенттігі хабарлады.
Корпустың Әуе-ғарыш күштері бұл соққыны Иранның оңтүстігіндегі Хормозган провинциясының Сирик ауданында орналасқан телекоммуникациялық мұнараға жасалған шабуылға жауап ретінде жасаған.
— Бұл — қарсы тарапқа әуе кеңістігіндегі арандатушылық әрекеттері мен Ормуз бұғазы арқылы мұнайды заңсыз тасымалдауды тоқтату туралы қатаң ескерту. Егер мұндай әрекеттер мен агрессия қайталанса, ИРСК Әуе-ғарыш күштері кез келген жерде қарымта соққы жасауға дайын, — делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ Иран тарапы Тегеран белгілеген кеме қатынасы ережелерін бұзған компанияларға қосымша шаралар қолданылуы мүмкін екенін ескертті.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, ИРСК Парсы шығанағы елдеріндегі АҚШ әскери нысандарына шабуыл жасағаны туралы қыркүйек айының басынан бері алғаш рет мәлімдеді.
Ал АҚШ пен Бахрейн әзірге соққы жасалғаны туралы ақпаратты растаған жоқ.
Бұдан бөлек жұма күні ИРСК әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазында газ тасымалдайтын танкер жарылғанын да хабарлады. Иран тарапының мәліметінше, кеме рұқсат етілмеген әрі қауіпті бағытпен жүзіп бара жатқанда теңіз минасына тап болған.
Осыған байланысты танкердің атауы мен зардап шеккендер туралы мәлімет әзірге жарияланған жоқ. Ал АҚШ, Израиль және Иран арасындағы қарулы қақтығыс 28 ақпаннан бері жалғасып келеді.
Дипломатиялық жолмен шиеленісті бәсеңдету жөніндегі әрекеттерге қарамастан, Вашингтон Иран порттарына теңіз блокадасын жалғастырып отыр. Сондай-ақ Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына да әлі шектеу қойылған.
Бұған дейін Тегеран мен Буэнос-Айрес арасындағы қарым-қатынас терроризмді қолдауға қатысты өзара айыптаулар аясында шиеленісе түскенін хабарлаған болатын.