Иран билігі Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі хатшысының қаза тапқанын растады

АСТАНА. KAZINFORM – Иранның мемлекеттік БАҚ-тары Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Әли Лариджанидің қаза тапқанын растады, деп хабарлайды BBC агенттігі.

Фото: Анадолу

Иранның мемлекеттік ақпарат құралдарының жазуынша, Лариджани ұлымен, тағы бір шенеунікпен және күзетшілер тобымен бірге қаза тапқан.

Бұған дейін Лариджанидің қаза тапқанын Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац мәлімдеген еді. Тегеран бұл ақпаратқа күні бойы пікір білдірмей, тек кешке қарай растады.

Сонымен қатар Израиль армиясы басқа бір соққының салдарынан «Басидж» әскерилендірілген құрылымының қолбасшысы Голамреза Сулейманидің де қаза тапқанын хабарлады. 17 наурыз, сейсенбі күні кешке Ислам революциясы сақшылары корпусы Сулейманидің өлімін ресми түрде растады.

— Лариджани мен «Басидж» қолбасшысы түнде жойылды, — деді Исраэль Кац.

Еске сала кетейік, наурыз айының басында Иранның Жоғары рухани көшбасшысы Әли Хаменеидің қаза тапқаны белгілі болған еді. Кейінірек республикада жаңа жоғарғы көшбасшы болып Моджатаба Хаменеи сайланды.