Иран Boeing компаниясынан 100 азаматтық ұшақ сатып алуға ниетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тегеран американдық Boeing компаниясымен 100 азаматтық ұшақ сатып алу туралы келісімге қол жеткізгенін жариялады, деп хабарлады Би-би-си.

"Елімізде 250 ұшақ бар, оның 230-ын  алмастыру қажет", - деген Иран азаматтық авиация ведомствосының басшысы  Али Абедзадехтің сөздерін  келтірді Франс пресс агенттігі. Ол келісімді АҚШ үкіметі мақұлдауы керек екенін қосты.  

Компания болса  келісімге келгенін қуаттаған жоқ. Сәрсенбі күні Boeing өкілдері британиялық Guardian басылымына сатып алу туралы келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты, алайда толық ақпаратты жеткізген жоқ.

Өткен жылы Иранға қатысты халықаралық санкциялар алынған соң ұшақ сатып алу мүмкін болды.

Осыған дейін ел билігі алдағы он жылда Иранның ескірген әуе флотын жаңғырту үшін 400 ұшақ керек екенін мәлім етті.

Ирандағы азаматтық ұшақтардың пайдаланып келе жатқанына орташа алғанда шамамен 27 жыл болды.

Азаматтық авиациядағы халықаралық қауіпсіздік нормаларына сәйкес келмегендіктен, Иранның 12 авиалайнерінен өзге барлық ұшақтарына Еуроодақ елдерінде әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салынған. 

Осы аптада ЕО Iran Air ұшақтары Еуропаға қайта ұша алатынын жариялады.