БҰҰ-дағы Иран өкілі АҚШ-тың әрекетін қатаң айыптап, Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын талап етті.
БҰҰ-ға жолдаған хатында Иранның тұрақты өкілі Амир Саид Иравани АҚШ-тың алдын ала жоспарланған агрессивті әрекеттерін қатаң айыптады.
— Иран Ислам Республикасы ешқандай арандатушылық себепсіз жасалған бұл алдын ала жоспарланған агрессивті әрекеттерді қатаң түрде айыптайды. Бұл шабуылдар — 13 маусымда Израиль режимі Иранның бейбіт ядролық нысандарына жасаған ауқымды әскери операциясының жалғасы, — делінген хат мәтінінде.
Иран өкілі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, бұл шабуылдарды барынша қатаң түрде айыптауды талап етті.
Еске салайық, АҚШ Иранның ядролық нысандарына соққы жасаған болатын. Дональд Трамп бұл операцияны сәтті деп бағалады.