Иран ЕАЭО елдерінің еркін экономикалық аймағы ұйымын құруды ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Иран Сыртқы істер министрлігінің экономикалық үйлестіру департаментінің бас директоры Мохаммад Реза Назери Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің еркін экономикалық аймақтары арасында ынтымақтастықты дамытуға арналған ұйым құру бастамасын көтерді.
Аталған ұсыныс өңір экономикаларын тереңірек ықпалдастыруға және сауда мүмкіндіктерінің әлеуетін барынша тиімді пайдалануға бағытталған.
Назеридің айтуынша, еркін экономикалық аймақтар аясында тауарларды импорттау, экспорттау және реэкспорттау ең төменгі кедендік баждармен жүзеге асырылады. Бұл бизнес шығындарын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
Иранның IRNA ақпарат агенттігінің жазуынша, елдегі еркін экономикалық аймақтарда шетелдік инвесторларды ынталандыруға және қорғауға бағытталған арнайы заңнамалық нормалар қолданылады. Атап айтқанда:
– 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге салықтық жеңілдіктер;
– негізгі капиталдың сақталуына және алынған пайданы елден шығаруға кепілдік;
– инвестицияларды енгізу мен әкетудің жеңілдетілген тәртібі.
Бұған дейін ЕАЭО елдері контрафактілік контентке қарсы бірлескен шаралар әзірлеп жатқаны хабарланған болатын.