Иран «ЭКСПО-2017» көрмесіне қызығушылық танытуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшылары ирандық «Tejarat Almas» холдингінің делегациясымен кездесті.

Сонымен қатар, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің Комиссары Рәпіл Жошыбаевтың төрағалығымен қазақстандық компания және ирандық делегация арасында келіссөздер жүрді. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінен хабарланды.

Кездесу барысында қазақстандық компания елордадағы ЭКСПО-қалашық аумағында инвестициялауға мүмкіндік болатын нысандар туралы, сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясындағы артықшылықтары жайында ақпараттар ұсынды. Ирандық тарап өз кезегінде ұсынылған жобаларға қызығушылық танытатынын жеткізді. Келіссөздің қорытындысы бойынша, тараптар ЭКСПО нысандарына инвестиция салу мүмкіндігі аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сондай-ақ осы бағытта жұмыс тобын құруға уағдаласты.

Тоқтала кететін жайт, ирандық «Tejarat Almas» 150-ге тарта көпбейінді топтық компанияларды біріктіреді. Компаниялар тобы тұрғын үй, кеңсе ғимараттарының құрылысын салумен айналысады, ақпараттық технологиялар және туристік бизнес саласында қызмет етеді.