Иран ешбір талаптарсыз «Женева-2» конференциясына қатысуға ниетті

АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - Ресей тарапы Сирия бойынша конференцияға (Женева-2) Иранды шақыру қажеттігіне сенімді, алайда Теһраннан «Женева-1» конференциясына бейілділікті растау неге талап етіліп отырғандығын түсінбей отыр.

Ирандық әріптесі Джавад Зарифпен кездесудің қорытындысы бойынша РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров 22 қаңтарда швейцариялық Монтрё қаласындағы «Женева-2» конференциясына қатысушылардың арасында Иран мен Сауд Арабиясы болуы керектігін мәлім етті.

Өз кезегінде Иран Сыртқы істер министрі оған алдын ала талаптар қойылатын болса, онда Теһран «Женева-2» конференциясына қатысудан бас тартатындығын атап өтті.

Бұдан бұрын ресми Вашингтон Иранның Сирия бойынша отырысқа қатысуы мүмкіндігін қарастыру үшін бұл ел «Женева-1» кездесуінің коммюникесін жұртшылық алдында қабылдауы тиіс екенін мәлімдеген еді.

2012 жылғы 30 маусымдағы женевалық коммюникеде адамның құқығын сақтауға толық кепілдік беретіндей Сирияны демократиялық мемлекетке айналдыру үшін осы елде уақытша үкіметті құру қажеттілігі айтылған.