Иран футбол федерациясы (FFIRI) ел құрамасы турнирге «өзінің сенімі, мәдениеті мен құндылықтарынан ешқандай бас тартусыз» қатысатынын мәлімдеді. Сонымен қатар қабылдаушы елдер Иранның алаңдаушылығын ескеруі тиіс екенін атап өтті.
Бұл талаптар FFIRI президенті Мехди Таджне өткен айда FIFA конгресіне қатысу үшін Канадаға кіруге рұқсат берілмегеннен кейін жария болды. Кейін ол Иран тарапы маусым айында АҚШ, Мексика және Канадада өтетін әлем чемпионатына қатысты FIFA-ға 10 талап жолдағанын айтты.
Талаптардың қатарында барлық футболшыларға, жаттықтырушылар мен ресми тұлғаларға виза беру кепілдігі бар. Бұл талап Ислам революциясы сақшылар корпусында (Islamic Revolutionary Guard Corps – IRGC) әскери қызмет өткерген азаматтарға да қатысты.
Канада мен АҚШ IRGC ұйымын террористік құрылым деп таныған. Канаданың Мехди Таджды елге кіргізбеуіне де оның аталған ұйыммен байланысы себеп болғаны айтылды.
Иран сондай-ақ ұлттық құрамаға құрметпен қарауға кепілдік беруді талап етіп отыр. Оның ішінде әнұран орындалуы мен мемлекеттік тудың көтерілуі кезіндегі хаттаманың сақталуы, әуежайлар, қонақүйлер мен стадиондардағы қауіпсіздіктің күшейтілуі бар.
Талаптардың бір бөлігін FIFA орындауы мүмкін. Әсіресе турнирді ұйымдастыру мен делегацияларға қатысты хаттамалық мәселелер федерация құзыретіне кіреді. Алайда виза мен шекаралық бақылау мәселесі АҚШ билігінің құзырында қалады.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио ирандық футболшылардың турнирге қатысатынын мәлімдеді. Бірақ IRGC-мен байланысы бар тұлғалар АҚШ-қа кіру кезінде шектеулерге тап болуы мүмкін екенін ескертті.
Бұл жағдай FIFA алдында күрделі таңдау туғызды: бір жағынан, барлық іріктеуден өткен құрамалардың қатысуын қамтамасыз ету қажет, екінші жағынан, Тегеран мен Вашингтон арасындағы саяси ахуалды да ескеру керек.
Еске салсақ, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға ауқымды соққы жасады. Бұған жауап ретінде Иран Израиль мен АҚШ-тың Парсы шығанағындағы одақтастарына шабуыл жасады. Содан бері әскери қимылдар тұрақсыз бітім аясында негізінен тоқтатылған.
Иран тарапының кейбір өзге талаптарын орындау да қиынға соғуы мүмкін. Атап айтқанда, ирандық ресми тұлғалар журналистерден тек «футболдың техникалық мәселелеріне» қатысты сұрақтар қоюды сұраған.
Алайда Иран жағдайында футбол мен саясаттың ара-жігі анық емес. Бұл наурыз айында Аустралияда өткен әйелдер арасындағы Азия кубогында айқын көрінді. Бірнеше ирандық футболшы саяси баспана сұрауға әрекет жасап, дипломатиялық жанжал туындаған.
Барлық қайшылықтарға қарамастан, Иранның турнирден бас тартатынын білдіретін нақты белгі әзірге жоқ. Қалыптасқан жағдай FIFA, Тегеран және АҚШ билігі арасындағы келіссөздердің барған сайын күрделене түсетінін көрсетіп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін FIFA Иранның ЧМ-2026 турниріне қатысатынын растағанын жаздық.
Сондай-ақ халықаралық футбол ұйымы ауған босқындарына да халықаралық турнирде бақ сынауға рұқсат берді.