Иордания Қарулы күштерінің мәліметінше, сәрсенбі күні таңертең әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері Иран аумағынан корольдікке қарай бағытталған алты зымыранды анықтаған. Бұл туралы Petra агенттігі хабарлады.
Олардың төртеуі елдің әуе кеңістігіне енгеннен кейін атып түсірілді, қалған екеуі адам тұрмайтын шалғай аумақтарға құлаған. Иордания армиясының мәліметінше, зардап шеккендер мен қираулар тіркелген жоқ.
Кейінірек Қарулы күштердің қолбасшылығы Ираннан Иорданияға қарай ұшырылған тағы төрт ұшқышсыз ұшу аппаратының жойылғанын хабарлады. Оларды жою барысында да адам шығыны мен материалдық залал тіркелмеген.
Хабарламаға сәйкес, Корольдік инженерлік корпус бөлімшелері зымырандар мен олардың бөлшектері құлаған жерлерге барып, аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, белгіленген тәртіпке сай салдарын жою жұмыстарын бастады.
Ирандық бұқаралық ақпарат құралдары сәрсенбі күні дрондардың Иорданиядағы америкалық әскери базаға бағытталғанын мәлімдеді. Бұл базада АҚШ әскери қызметшілері орналасқан.
Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) АҚШ күштері орналасқан Иорданиядағы Король Фейсал және Ханзада Хассан әскери-әуе базаларына соққы жасағанын хабарлады.
Fars агенттігінің мәліметінше, шабуылдың нысанасына америкалық әскери қызметкерлер пайдаланатын тұрғын және шаруашылық нысандары, сондай-ақ әскери техника қоймасы алынған.
Әзірге Пентагон бұл ақпаратқа түсініктеме берген жоқ.
Жалғасып жатқан шабуылдар аясында Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі (EASA) әуе компанияларына Иорданияның әуе кеңістігін пайдаланбауға кеңес берді. Бұған дейін осындай ұсынымдар Бахрейн, Қатар, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Ирак және Ливанға қатысты да енгізілген болатын.
Агенттік шілде айының ортасынан бері өңірдегі қауіпсіздік ахуалы айтарлықтай нашарлап, әскери белсенділік Иорданияның әуе кеңістігіне де жиі әсер ете бастағанын атап өтті.
Сонымен бірге Иорданияның Азаматтық авиация басқармасы сәрсенбі күні елдің әуе кеңістігі арқылы транзиттік рейстердің қалыпты режимде жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Реттеуші органның дерегінше, соңғы алты сағат ішінде Иорданияның әуе кеңістігі арқылы 176 ұшақ өткен. Барлық рейс бекітілген кестеге сәйкес орындалып жатыр.
АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) мәліметінше, өткен түні америкалық әскерилер Иран аумағына кезекті соққылар сериясын жалғастырды.
Бұл қатарынан он бірінші операция болып, жедел басқару орталықтарына, авиациялық ангарларға, ұшқышсыз ұшу аппараттарының қоймаларына және әскери логистика нысандарына бағытталған.
Бұған дейін Пентагон Иранмен соғыстың құны 37,5 млрд долларды құрағанын жариялаған болатын.
Сондай-ақ 2026 жылғы 7 шілдеден бері Иранның Таяу Шығыстағы америкалық әскери базаларға жасаған әуе шабуылдары салдарынан 100-ге жуық АҚШ әскери қызметшісі жарақат алғаны хабарланған еді.