Иран Бағдадтың Ирак мұнайын осы теңіз жолы арқылы экспорттауды қамтамасыз ету туралы бірнеше рет жасаған өтінішінен кейін Ирактың бірнеше мұнай танкерінің Ормуз бұғазы арқылы өтуіне рұқсат берді. Бұл туралы IRNA агенттігі хабарлады.
Ирак танкерлеріне арнайы рұқсат беру мәселесі Иран парламентінің төрағасы Мұхаммед Багер Галибафтың Иракқа жақында жасаған сапары кезінде Бағдад көтерген негізгі мәселелердің бірі болды.
Ирак тарапы елдің ерекше жағдайын және мұнай экспортының Ормуз бұғазы арқылы өтетін теңіз жолына тәуелді екенін ескеруді сұраған.
Агенттік мәліметінше, Иран соңғы алты айда да жекелеген Ирак танкерлеріне бұғаз арқылы өтуге рұқсат берген. Бұған дейін Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Қытай, Ресей және Пәкістан кемелеріне де қауіпсіз өту мүмкіндігі ұсынылғанын мәлімдеген.
Қақтығыс басталғанға дейін Ирак тәулігіне шамамен 3,5 млн баррель мұнай экспорттаған. Оның 3,3 млн баррельден астамы Басрадан жөнелтіліп, Ормуз бұғазы арқылы тасымалданған. Елдің жылдық бюджетінің шамамен 90 пайызы мұнай экспортынан түсетін кіріске тәуелді.
Наурыздан маусымға дейін Ирактың мұнай экспорты 85 пайыздан астамға қысқарды. Ал ай сайынғы мұнайдан түсетін кіріс шамамен 7 млрд доллардан 1,5 млрд доллардан төмен деңгейге түсті.
Шілде айында Ирак оңтүстіктегі терминалдар арқылы шамамен 35,5 млн баррель мұнай экспорттады. Бұл дағдарысқа дейінгі деңгейдің шамамен үштен біріне тең.
Бағдад сондай-ақ мұнай экспортын Түркияның Джейхан порты, Сирияның Банияс порты және Иорданияның Акаба порты арқылы жүзеге асыратын балама бағыттарды кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алайда Ирак мұнайының басым бөлігі елдің оңтүстігінде өндіріледі, ал қазіргі инфрақұрылым Ормуз бұғазы арқылы өтетін бағытты толық алмастыруға мүмкіндік бермейді.
Бұған дейін Ирак оңтүстіктегі мұнай өндіру көлемін тәулігіне 3 млн баррельге дейін қалпына келтіруді жоспарлап отырғанын хабарланды
Көктемде Ирак Ормуз бұғазын айналып өтіп, Сирия арқылы мұнай экспорттауды бастады. Сондай-ақ 13 жылға жуық уақыт жабық болған Сириямен арадағы негізгі құрлықтық бағытты қайта іске қосты.