13:21, 04 Сәуір 2009
Иран Ислам Республикасы Президентінің Қазақстанға ресми сапары барысында бірқатар екіжақты келісімдерге қол қою жоспарлануда
АСТАНА. Сәуірдің 4-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Сәуірдің 6- 7-сі аралығында Астанаға Иран Ислам Республикасының Президенті Махмуд Ахмадинежад ресми сапармен келеді.
Бұл туралы бүгін елордада өткен апталық брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сапар барысында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың М.Ахмадинежадпен екіжақты кездесуінде саяси-экономикалық, сауда және мәдени ? гуманитарлық серіктестік мәселелері қарастырылмақ. Келіссөздер барысында энергетика және көлік саласындағы, сонымен қатар Қазақстанның астық өнімдерін Иранға жеткізу, инвестициялық серіктестік және көпжақты форматтағы екі ел қатынастары да сөз болмақ», - деді ресми өкіл.
Оның айтуынша, сапар аясында Қазақстан мен Иран арасындағы бірқатар екіжақты келісімдерге қол қою жоспарлануда. Сондай-ақ М.Ахмадинежад елордадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дәріс оқиды деп күтілуде.