Иран: Израиль шабуылынан қаза тапқандар саны 1 060 адамға жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Израильдің Иран аумағына жасаған соққыларынан қаза тапқандар саны 1 060 адамға жетті. Бұл туралы дүйсенбі күні Иран Ислам Республикасы шаһидтер мен ардагерлер істері қорының төрағасы Саид Охади мәлімдеді, деп жазады ТАСС.
— Бүгінгі кешке дейін біз Израиль режимінің Иранға жасаған шабуылдарынан қаза тапқан 1 060 адамды жерледік, — деді ол Иран мемлекеттік телеарнасының тікелей эфирінде.
Бұған дейін Иран аумағында жүргізілген әскери іс-қимылдар кезінде 950 адамның қаза тапқаны хабарланған болатын.
Израиль Иранға қарсы әскери операцияны 13 маусымға қараған түні бастады.
Одан кейін бір тәуліке өтпей, Иран жауап ретінде қарсы соққы жасады.
Қақтығыс ушығуынан кейін тоғыз күн өткен соң АҚШ та араласып, Фордо, Натанз және Исфахан қалаларындағы Иран ядролық нысандарына соққы берді.
23 маусым кешке Иран Катардағы Таяу Шығыстағы ең ірі америкалық әскери база — Әл-Удейдке шабуыл жасады.
Осыдан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Иранның атысты тоқтатуға келіскенін жариялады. Бітім 24 маусым күні күшіне енді.