Иран Израиль соққыларынан кейін Ядролық қару таратпау келісімінен шығамыз деп қорқытты
АСТАНА. KAZINFORM - Иран билігі сыртқы саясатын қайта қарау мәселесін көтеріп отыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Иран СІМ-нің өкілі Эсмаил Багаи дүйсенбі күні Иран парламенті елдің Ядролық қаруды таратпау келісімінен (ЯҚТК) шығуы туралы заң жобасын дайындап жатқанын айтты.
- Осыған қарамастан, Иран жаппай қырып-жоятын қару жасаудан бас тарту ойында қала береді, - деді дипломат.
ЯҚТШ шартынан шығу туралы бастаманы бір күн бұрын Иран Мәжілісінің (бір палаталы парламент) Ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комитетінің мүшесі Эбрагим Резаи көтерген болатын.
- Бұл келісім біздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуі керек еді, - деді ирандық депутат.
Парламентте Иран президенті Масуд Пезешкиан да сөз сөйледі.
Ресми IRNA агенттігінің хабарлауынша, ол Тегеранның ядролық қаруға ие болуға ұмтылмайтынын қайталады.
- Біз ядролық қаруға ие болуға ұмтылмаймыз. Батыс Иранға оны алуға рұқсат бермеу керек дейді, бірақ біз бұған мүлдем ұмтылмаймыз, - деді ол.
Ислам республикасының президенті Иранның уранды бейбіт мақсатта байытуды жалғастыратынын және энергетика саласында ядролық энергияны пайдалану құқығын талап ететінін атап өтті. Сонымен бірге Пезешкиан өз үкіметінің АҚШ-пен ядролық бағдарлама бойынша келіссөздер жүргізіп жатқанын растады.
Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде Израильдің Иран территориясына жасаған шабуылдарын қатаң түрде айыптап, оларды басқыншылық әрекет деп атады.
Ол сондай-ақ Ирак премьер-министрі Мохаммад Шиа әл-Суданимен телефон арқылы сөйлесіп, оның барысында Бағдадқа қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, Иранға қарсы пайдаланылуына жол бермеу үшін әуе кеңістігін бақылауды арттыруға шақырды.
Бұған жауап ретінде Ирак премьер-министрі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне шағым түскенін растап, елдің егемендігін қамтамасыз ету үшін бұдан да батыл шараларға дайын екенін мәлімдеді.
Пезешкиан мемлекеттік теледидар арқылы да халыққа үндеу жасап, Иранның басқыншы еместігін баса айтты. Иран президенті ел халқын бірлікке және кез келген басқыншылыққа табанды түрде қарсы тұруға шақырды.
- Біз бұл жаугершілікке қарсы бірігуіміз керек. Біздің халқымыздың әділдік іздеуге құқығы бар. Біз өз ұстанымымызға берік боламыз, - деді Пезешкиан.
Үздіксіз шабуылдар мен сыртқы қысым жағдайында парламенттің ЯҚТШ-дан шығу туралы бастамасы Иранның Батыспен қарсыласуын күшейтуі мүмкін.
РОсыған дейін Иран мен Израиль арасындағы үздіксіз соққыдан тағы бірнеше адам қаза тапқаны туралы жаздық.