08:04, 21 Мамыр 2009
Иран қашықтығы 2 мың шақырымдық зымыранның сынағын табысты өткізді
ТЕГРАН. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат - Иран қашықтығы 2 мың шақырымдық «жер үсті – жер үсті» класындағы зымыранның сынағын өткізді.
ИРНА агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы Иран Президенті Махмұд Ахмадинежад кеше мәлім еткен. «Заманауи технологиялармен жарақталған «Седжил-2" зымыраны нысанға дәл тиді»,- деп мәлім етті Иран Президенті елдің солтүстігіндегі Семнан провинциясына жасаған тексеру сапары барысында. «Седжил-2» («Күйдірілген қыш») деп аталатын зымыран алғаш рет Иранда өткен жылдың аяғында сыналған болатын. Ислам Республикасының қолданысындағы «Шахаб-3» («Метеор») зымыранынан, «Седжил-2»-нің айырмашылығы, ол екі сатылы, аралас қатты отынмен жұмыс істейді («Шахаб»- сұйық отынмен жұмыс істейді) және дәлірек. Бұл екі типтегі зымырандардың радиусы 2 мыңдай шақырымды құрайды. Яғни олар Таяу Шығыстағы американдық әскери базалар мен Израиль аумағындағы нысандарға жете алады деген сөз.