Иран: Қатардағы АҚШ базасына жасалған соққы — Вашингтон агрессиясына жауап

Фото: IRNA

АСТАНА. KAZINFORM —  Тегеранда бұл операцияның пропорционалды болғаны және Қатарға қауіп төндірмейтіні айтылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Иранның Жоғарғы ұлттық қауіпсіздік кеңесі Катардағы Аль-Удейд америкалық әскери базасына жасалған соққыға байланысты ресми мәлімдеме жасады.

Мәлімдеме мәтінін Tasnim ақпарат агенттігі жариялады.

— АҚШ-тың Иранның ядролық нысандарына жасаған өрескел әрі агрессивті соққысына жауап ретінде Иран Ислам Республикасы қарулы күштері Аль-Удейдтегі америкалық әскери базаға зымыран соққысын жасады, — делінген мәлімдемеде.

Кеңес Иран тарапынан атылған зымырандардың саны АҚШ күштері Иранның ядролық нысандарына жасаған шабуыл кезінде қолданған оқ-дәрілердің санына тең екенін нақтылады. Сонымен қатар, Тегеран шабуыл нысаны ретінде Катардың тұрғын аудандары мен қалалық инфрақұрылымынан алыс аймақ таңдалғанын баса айтты.

— Бұл операция біздің дос Катар мемлекеті мен оның халқы үшін ешқандай қауіп төндірген жоқ. Иран Дохамен жылы және тарихи қарым — қатынасты сақтауға әлі де дайын, — деп мәлімдеді Ұлттық қауіпсіздік кеңесі.

Иран тарапы Тегеранның әрекеттері өзін-өзі қорғау құқығы аясында жүзеге асқанын және халықаралық құқыққа сәйкес агрессияға «айна-қатесіз жауап» болғанын атап өтті.

Еске салсақ, дүйсенбі кешке Иран Катарда орналасқан Аль-Удейд америкалық әскери базасына соққы жасаған еді.