Иран Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортын ұлғайтуға мүдделі

АСТАНА. KAZINFORM - Еуразиялық экономикалық одақтың агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің 7-отырысы аясында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Иран Ислам Республикасының ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Фатхи Акбармен екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР АШМ баспасөз қызметі

Айдарбек Сапаров Иранды Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені өнімдерінің экспортын кеңейту үшін барынша перспективалы нарықтардың бірі ретінде атап өтті.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы агроөнеркәсіптік кешені өнімдерінің тауар айналымы 55,8%-ға өсті. Екіжақты сауданың жалпы көлемінің 79%-ын агроөнеркәсіптік өнімдер құрады. Иранға ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 97%-ға артты.

-Біз Иранға ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты әрі болжамды көлемде жеткізуді қамтамасыз етуді, өнім номенклатурасын кеңейтуді және ұзақ мерзімді, өзара тиімді ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды мақсат етіп отырмыз, – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.

Өз кезегінде Фатхи Акбар Иранның Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені өнімдерінің импортын ұлғайтуға және басым бағыттар бойынша практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

Тараптар логистикалық мүмкіндіктерді дамыту, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруды қоса алғанда, өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – астық өнімдерін жеткізуді ұлғайту. Қазақстанда қажетті шикізат базасы және астықтың ірі әрі тұрақты партияларын қалыптастыру әлеуеті бар. Бұл қазақстандық өнімнің Иран нарығындағы үлесін ұзақ мерзімді перспективада арттыруға мүмкіндік береді.

Өсімдік майлары экспортының көлемін арттырудың да әлеуеті жоғары.

Кездесу барысында тұқым шаруашылығын дамытуға, «халал» өнімдер нарығына, заманауи агротехнологиялар саласындағы тәжірибе алмасуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығына озық шешімдерді енгізуге ерекше назар аударылды.

Инвестициялық ынтымақтастық та жеке бағыт ретінде қарастырылды. Тараптар сауда көлемін ұлғайтып қана қоймай, агроөнеркәсіптік кешенде жаңа өндірістік және логистикалық тізбектер қалыптастыруға мүмкіндік беретін бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар практикалық ынтымақтастықты жандандыруға және агроөнеркәсіптік саладағы өзара іс-қимылға жаңа серпін беруге уағдаласты.

Осыған дейін Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 41,5%-ға өскені туралы жаздық.