Министрдің айтуынша, Канада, АҚШ және Мексика бірлесіп өткізетін әлем чемпионатына Иран құрамасының қатысуы «мүмкін емес».
Биыл Иран құрамасының әлем чемпионатына қатысуы жоспарланған болатын, бірақ министр Ахмад Доньямали футболшылардың АҚШ-та қауіпсіз еместігін айтып, олардың қатыса алмайтынын мәлімдеді. Бұл сұхбат бейнежазбада жарияланды.
— Олар Иранға қарсы жасаған зұлым әрекеттері — 8–9 ай ішінде бізге екі соғыс жүргізіп, мыңдаған халқымызды өлтіріп, азаптады — біз әлем чемпионатына қатыса алмаймыз, — деді Доньямали.
Иран құрамасы 15 маусымда Калифорниядағы Инглвуд қаласында Жаңа Зеландиямен, 21 маусымда Бельгиямен ойнап, ал топтық кезеңді 26 маусымда Сиэтлде Египетпен аяқтауы тиіс еді.
ФИФА Иран құрамасына АҚШ-қа баруға рұқсат беріледі деп күтуде.
Өткен аптада президент Дональд Трамп осы сұраққа жауап берді.
— Иран құрамасы 48 ел қатысатын турнирге қатыса ма, жоқ па, маған шынымен бәрібір, — деді ол.
ФИФА президенті Джанни Инфантино сейсенбі күні Трамппен «турнирге дайындық барысын талқылау үшін» кездесті және Иранға АҚШ-қа баруға рұқсат берілетініне кепілдік алды.
— Кездесу барысында президент Трамп Иран құрамасы АҚШ-тағы турнирге міндетті түрде қатыса алатынын тағы бір мәрте атап өтті, — деді Инфантино.
Осыған дейін Ирандағы әуе соққыларынан кейін Тегеранда «қара жаңбыр» жауып, ауа ластанғанын жазған болатынбыз.