Иран МАГАТЭ-мен жаңа форматта ынтымақтастық орнатуға дайын
АСТАНА. KAZINFORM — Иран билігі Халықаралық атом энергиясы агенттігімен (МАГАТЭ) ынтымақтастықты толық тоқтатпағанын, алайда алдағы уақытта ол жаңа форматта жүзеге асырылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.
Бұл туралы Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи шетелдік елшіліктер мен дипломатиялық миссиялар басшыларымен кездесу барысында айтты.
Иран АҚШ-пен ядролық келісім бойынша келіссөздерге «нағыз мүмкіндік» беруге дайын
— Біз агенттікпен ынтымақтастықты тоқтатқан жоқпыз, бірақ ол жаңа сипатта жалғасады. Бұл — қазіргі жағдай мен орын алған оқиғалар аясында табиғи өзгеріс, — деді Арагчи.
Оның айтуынша, Иран аумағында МАГАТЭ тарапынан инспекция жүргізуге қатысты талаптар елдің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі Жоғарғы кеңесінде әр жағдайға байланысты жеке қаралады және қауіпсіздік мүдделері ескеріледі.
Министрдің сөзіне қарағанда, Иран МАГАТЭ инспекторларының ядролық нысандардағы қауіпсіздігіне де алаңдаулы. Себебі Израильмен болған соғыстан кейін кейбір нысандарда жарылмаған снарядтар қалуы мүмкін.
Айта кетейік, 2 шілдеде Иран президенті Масуд Пезешкиан Тегеран мен МАГАТЭ арасындағы ынтымақтастықты тоқтату туралы заңға қол қойды. Құжатқа президент қол қойған сәттен бастап заң күшіне енеді және міндетті түрде орындалуы тиіс.
Айта кетелік МАГАТЭ инспекторлары Ираннан кеткен еді.