Axios-тың Вашингтондағы дереккөзге сілтеме жасай отырып жазғанындай, АҚШ пен Иран Қатарда Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қайта бастауды талқылау үшін жоспарланған кездесуге дейін бір-біріне шабуыл жасамауға тағы уәде берді.
Басылым әңгімелесушісінің айтуынша, тараптар Ормуз бұғазында еркін кеме қатынасын қалпына келтіру мәселесін талқылау үшін 30 маусымда Қатарда кездесу өткізу ниетін растады. Қазіргі уақытта бұғаз тек ішінара ашық, және Иран кемелерден өз бағыттарын елдің әскери басшылығымен үйлестіруді талап етіп отыр.
Тегеран әзірге Батыс елдеріне Ормуз бұғазын миналардан толық тазартуға рұқсат берген жоқ. БАҚ мәліметінше, бұл су айдынындағы кеме қатынасын тек екі тар бағытпен шектейді. АҚШ президенті Дональд Трамптың бұғазды толық ашу туралы мәлімдемесіне қарамастан бұғаз арқылы жеткізілім көлемі АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы басталғанға дейінгі көлем деңгейінің жартысынан да аз болып отыр.
АҚШ коммерциялық кемеге соққы бергені үшін Иранға шабуыл жасады, Тегеран жауап ретінде америкалық базаларды атқылады
Атысты тоқтату жарияланғанына қарамастан, 26-27 маусымда АҚШ пен Иран ауқымды соққылар алмасты. Иран екі күн ішінде бұғаз арқылы өтіп бара жатқан екі коммерциялық кемеге соққы бергеннен кейін АҚШ Иранның жағалаудағы бірнеше базасына шабуыл жасады. Тегеран өз әрекеттерін кемелердің бұғаз арқылы Ислам революциясы сақшылар корпусымен (ИРСК) келісілген бағыттан ауытқып кеткенінімен түсіндірді және Вашингтон әрекеттерін Иранның бұғазды бақылауын әлсірету әрекеттері деп бағалады.
Америкалық шабуылдарға жауап ретінде Иран күштері АҚш-тың Кувейт пен Бахрейндегі әскери базаларына соққы жасады. The Wall Street Journal газетінің мәліметінше, Бахрейндегі әскери нысанға айтарлықтай залал келтірілді.
Соққылардан кейін екі тарап та атысты тоқтату туралы режимін тоқтатамыз деп қорқытты. Келісім ресми түрде 8 сәуірден бастап күшіне енген, алайда екі тарап та оны бірнеше рет бұзды.
Бітім кезінде мұнай бағасы соғысқа дейінгі мәндерге дейін төмендеді.
Нарықтар Трамптың Парсы шығанағынан әлемдік нарықтарға мұнай жеткізудің ең маңызды көлік артерияларының бірі — Ормуз бұғазын ашу туралы уәдесін бірнеше ай бойы күтті. АҚШ пен Иран 17 маусымда «өзара түсіністік туралы меморандумға» қол қойғанын жариялағаннан кейін мұнай фьючерстері арзандай бастады.
24 маусымда Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 73,22 долларға дейін төмендеді. Бұл АҚШ пен Израильдің Иранға шабуыл жасауынан бір күн бұрын, 27 ақпаннан бері ең төменгі көрсеткіш болды. WTI маркалы мұнай сол күні барреліне 69,87 долларға сатылды.
АҚШ пен Иран арасындағы атысты тоқтату туралы келісім түпкілікті емес. Меморандумға қол қойылғаннан кейін 60 күн ішінде тараптар бірқатар мәселелер, соның ішінде Иранның ядролық бағдарламасы, АҚШ әскерлерінің Иранның көршілес елдерінен шығарылуы және Тегеранның Ормуз бұғазы арқылы өткені үшін кемелерден ақы алу-алмауы туралы келісімге келуі керек. Меморандумға қол қойылғаннан бері бұл келіссөздерде ешқандай ілгерілеушілік туралы хабарланған жоқ.