12:24, 24 Қараша 2013
Иран мен «алтылық» тарихи келісімге қол жеткізді
АСТАНА. 24 қараша. ҚазАқпарат - Женевада Иран мен әлемнің алты державасы арасында ядролық бағдарлама бойынша келісімге қол жеткізілді, деп хабарлады РБК.
Қол жеткізілген уағдаластық жайында аталған келіссөзге қатысқан бірнеше делегация бірден мәлімдеді. «Біз келісімге келдік», деп жазды Иранның Сыртқы істер министрі Мұхаммед Зафир өзінің Twitter-дегі шағын блогына. Бұл ақпаратты Франция Сыртқы істер министрі Лоран Фабиус та қуаттап, тараптардың ядролық келісім жасасқанын жариялады. Иранның келісімнің бір бөлігін жүзеге асыру үшін 4,2 млрд. доллар көлемінде шетел валютасына қол жеткізетіндігі хабарлануда. Ресей СІМ басшысы Сергей Лавровтың айтуына қарағанда, МАГАТЭ Теһранның ядролық бағдарламасына бақылауды айтарлықтай кеңітетін болады. Ал Иран Аракадағы реакторды жабдықтауды тоқтатуы тиіс. Келісімде 20 пайыздық байытылған уран қоры келісім жасалғаннан кейінгі алты айдың ішінде жойылуы тиіс. Одан ары Иран уранды бес пайыздан жоғарыға байыта алмайды. Дәл осы кезеңде Ислам Республикасына қарсы бұған дейін енгізілген алтын, мұнай химиясы, автомобильге қатысты санкциялар жеңілдетілетін болады. АҚШ-тың Иран Орталық банкіне қарсы енгізген санкциясы әзірше өз күшінде қалады. АҚШ Президенті Барак Обама келісімге қол қойылғаннан кейін Конгресті Иранға қатысты жаңа санкциялар енгізбеуге шақырды. Ислам Республикасы жарты жыл ішінде өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда ғана қысым жасалады. Айта кетейік, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздердің келесі кезеңі 23 қарашада Женевада басталған болатын. Оған Иран, Ұлыбритания, АҚШ, Ресей, Франция, Германия және Қытай өкілдері қатысты.