Полковник Абди Хоссейн Абади Джавад (Иран) және майор Юн Чжинвук (Корея) «Қарулы күштер Бас штабы академиясы» факультетінің «Әскери істегі стратегиялық менеджмент» мамандығы бойынша бір жылдық курсын бітірді. Оларға диплом, төсбелгі және естелік сыйлықтар табыс етілді.
Офицерлерді Ұлттық қорғаныс университеті бастығының міндетін уақытша атқарушы, полковник Айдар Бердібеков құттықтады. Ол армияның қаншалықты қуатты болса да, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі шешуші фактор адам және жоғары білікті кадрлар екенін атап өтті.
«Қазақстанның мемлекетаралық қатынастағы басым бағыттарының бірі әскери-саяси ынтымақтастық болып отыр. Әскери кадрларды даярлау саласы – елдер арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етудің және одақтастық қатынастарды дамытудың маңызды факторы. Бүгін бітірген офицерлер – осының айқын дәлелі», - деді полковник Айдар Бердібеков марапаттау рәсімінде.
Өз кезегінде шетелдік магистранттар Ұлттық қорғаныс университетінің басшылығы мен оқытушылар құрамына алғыс білдірді.
«Қазақстанның алдыңғы қатарлы әскери білім ордасында оқығанымды және Кореядан келген бірінші түлек болғанымды мақтан тұтамын. Оқыту қарқынды және нәтижелі болды. Бұл елде мен қазақтың салт-дәстүрімен таныстым. Әсіресе, қазақстандықтардың қонақжайлығы мен меймандостығы ұнады», - деді майор Юн Чжинвук.
Полковник Абди Хоссейн Абади Джавадтың оқу бітірген сәті оның туған күнімен тұспа-тұс келді.
«Бүгін мен екі есе қуаныштымын. Қазақстандықтарға жомарттығы мен қонақжайлығы үшін шын жүректен алғыс айтамын. Біздің тіліміз біршама ұқсас, сондықтан да маған қазақ тілінде сөйлесу аса қиын болған жоқ. Оқу барысында орыс тілін де үйрендім. Университет басшылығы мен оқытушыларына, әсіресе әскери стратегия және тиімділік өнер саласындағы білімдері үшін, алғыс айтамын. Енді өз елімде әскери кафедрада сабақ беремін. Алған білімімді курсанттарыма беруге тырысамын», - деді Иран өкілі.