— Екі тарап ұсынған бағыттың географиялық координаттары толық келісілді. Үшінші тараптар бұл үдеріске кедергі келтірмесе, қол жеткізілген негізгі уағдаластықтарды қамтитын Иран мен Оманның бірлескен мәлімдемесі де жақын арада жарияланады, – деді Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Эсмаил Бағаи.
Бұл туралы Иранның мемлекеттік БАҚ-тары хабарлады.
Оның сөзінше, Оманмен жүргізілген келіссөздер кәсіби деңгейде өтіп, нақты нәтижелерге қол жеткізіліп жатыр. Дегенмен Иран тарапы Ормуз бұғазы арқылы қатынайтын барлық кеменің қауіпсіздігіне толық кепілдік бере алмайтынын мәлімдеді.
Ормуз бұғазы – әлемдік теңіз саудасындағы стратегиялық маңызы зор дәліздердің бірі. Бұл бағыт арқылы дүниежүзілік теңіз жолымен тасымалданатын мұнайдың шамамен төрттен бірі, сұйытылған табиғи газдың елеулі көлемі және әлемдік карбамид экспортының үштен біріне жуығы өтеді.
Еске салайық, бұған дейін Ормуз бұғазы арқылы негізгі тауар экспорты 54%-ға қысқарғанын хабарлаған едік.