Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчидің айтуынша, тараптар техникалық және құқықтық мәселелер толық шешілгенге дейін пайдаланылатын уақытша бағытты талқылап жатыр. Тегеран еркін кеме қатынасын қалпына келтіруді АҚШ-тың бірқатар талапты орындауымен, соның ішінде өтемақы төлеу, қоқан-лоқыны тоқтату және санкцияларды алып тастаумен байланыстырып отыр.
Оман Иранмен кеме қатынасын ұйымдастыру жөніндегі келіссөздерді «оң әрі сындарлы» деп бағалап, қол жеткізілген ілгерілеуге кедергі келтіруі мүмкін әрекеттерге жол бермеуге шақырды.
Сонымен қатар бұғаздағы кемелердің қауіпсіздігіне қатысты жағдай әлі де күрделі. БАӘ билігі Иран бұғаз арқылы өтіп бара жатқан ADNOC мемлекеттік мұнай компаниясымен байланысты кемеге зымыранмен шабуыл жасағанын мәлімдеді. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.
Ұлыбританияның теңіз сауда операциялары басқармасы (UKMTO) кемеге белгісіз снаряд тигеннен кейін өрт шыққанын растады. Кейін өрт сөндірілген.
Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы Ормуз бұғазының ашылуы Оманмен жүргізіліп жатқан келіссөздерге емес, Вашингтонның Тегеран талаптарына келісуіне байланысты екенін жеке мәлімдеді.
Қақтығыс басталғанға дейін Ормуз бұғазы арқылы әлемдегі мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізілімдерінің шамамен бестен бірі өтетін. Кеме қатынасындағы үзілістер тасымал құнының өсуіне әкеліп, әлемдік энергия бағасына қысымды күшейтті.
Бұған дейін АҚШ кедергісіз коммерциялық кеме қатынасын қамтамасыз ететін келісім жасалған жағдайда Иран порттарына қойылған блокаданы алып тастауға дайын екенін мәлімдеген.
Еске сала кетспек, Иран мен Оман Ормуз бұғазы арқылы өтетін ұсынылған бағыттың географиялық координаттарын да келісіп қойған. Алайда Тегеран бұғаз арқылы өтетін барлық кемеге қауіпсіз жол жүруге кепілдік беру мүмкін емес екенін ескертті.
Сондай-ақ Ормуз бұғазындағы шиеленіс мұнай бағасының өсуіне әсер еткенін де жаздық.