Иран орман өртін сөндіру үшін басқа елдерден көмек сұрады

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — Иранның солтүстігіндегі Хиркани орманында бірнеше күннен бері алапат өрт болып жатыр. Иран үкіметі өзге елдерден шұғыл көмек сұрады, деп хабарлайды Анадолы.

Қызыл жалын Мазендаран провинциясының Элит таулы аймағында қайтадан күшейді.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, өрт сөндірушілер, қоршаған ортаны қорғау қызметкерлері, «Бесик» ұйымының еріктілері және альпинистер жердің ойлы-қырлылығына қарамастан, қиын жағдайда өртті сөндіруді жалғастырып жатыр.

Қатты жел мен биік шөптің кесірінен өрт тез таралып кетті. Аумақта тілсіз жауды сөндіру үшін санаулы тікұшақ бар. Сондықтан елдің вице-президенті Мухаммад Джафар Каимпенах өртті ауыздықтауға мүмкіндік жоқ екенін айтып, Иранға дос елдерден көмек сұрады.

— Бізге орман өртін сөндіру үшін басқа елдерден шұғыл көмек қажет, — деді ол.

Оның айтуынша, алапат өртті бақылауға алу және айналадағы орман алқаптарына таралмауы үшін көмек сұрап отыр.

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген Хиркани ормандары сирек кездесетін өсімдік түрлерімен және жабайы табиғатымен танымал. Экологтер өрт ұзақ уақыт бойы қоршаған ортаға зиянын тигізуі мүмкін деп дабыл қағып отыр.

Еске салайық, Иран билігі құрғақшылық жағдайында жаңбырды жасанды түрде жаудыра бастады.