Иран Ормуз бұғазы арқылы транзит үшін есеп айырысуды риалмен жүргізуді ұсынды

Фото: Anadolu

АСТАНА. KAZINFORM – Иран билігі Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелер үшін төлемдерді ұлттық валюта – риалмен жүргізу бастамасын ұсынды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Иран парламенті төралқасының мүшесі Ахмад Надеридің айтуынша, бұл жоспар аймақта ұлттық валютаның рөлін күшейтуге және маңызды теңіз дәлізіндегі реттеуді жүйелеуге бағытталған.

– Иран Ормуз бұғазында кедергі келтіруші немесе қысым көрсетуші тарап емес, реттеуші рөл атқаруға ұмтылады. Сондықтан транзиттік төлемдерді ұлттық валютада жүргізу арқылы сауда қатынастарын жүйелеуді көздейміз, – деді Ахмад Надери.

Оның сөзінше, шетелдік кемелер төлемдерді Ирандағы өкілдіктері немесе өңірдегі банк жүйесі арқылы жүзеге асыра алады. Бұл өз кезегінде риалдың позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

– Ормуз бұғазындағы теңіз трафигін басқару мен реттеуден түсетін табыс жылына 10-15 млрд доллар аралығында болуы мүмкін. Дегенмен бұл көрсеткіштерді асыра бағаламау қажет, – деп атап өтті ол.

Бұл бастама аймақтағы геосаяси шиеленіс пен АҚШ енгізген әскери-теңіз блокадасы аясында қарастырылып отыр. Қақтығыс басталғалы бері бұғаз арқылы кеме қатынасында іркілістер байқалып, тасымал мен сақтандыру құны артқан.

Ал, Ормуз бұғазы арқылы бейбіт кезеңде әлемдік мұнай жеткізілімдерінің шамамен 20%-ы өтеді.

Айта кетейік, Ормуз бұғазында АҚШ блокадасына қарамастан кеме қатынасы жалғасып жатқаны хабарланды.