Мәскеуде өтіп жатқан қауіпсіздік органдарының жоғары лауазымды өкілдерінің XIV халықаралық конференциясына қатысқан Әли Багери журналистерге сұхбат берді.
Оның айтуынша, Ормуз бұғазы мәселесіне қатысты әзірге Америка Құрама Штаттары мен нақты келісімге қол жеткізілмеген.
— Иран мен Оман — Ормуз бұғазы жағалауындағы көршілес мемлекеттер. Қазір екі ел бұғаз арқылы өтуді реттейтін жаңа тетік қалыптастыру жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Иранға қарсы соғыс басталғанға дейін қолданылған ережелер енді өзгеше болады, — деді ол.
Сондай-ақ Багери АҚШ-пен жанама келіссөздер жалғасып жатқанын айтты. Оның сөзінше, Иранның байытылған уран қорының болашағы әзірге келіссөз күн тәртібіне енгізілмеген.
— Барлық мәселе бойынша ортақ келісім жасалмайынша, ешбір бағытта түпкілікті келісімге қол жеткізілді деп есептемейміз, — деді Иран өкілі.
Бұған дейін Иран Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден навигациялық алым алынатынын мәлімдеген болатын.