Иран Ормуз бұғазында мұнай танкері өртенгенін хабарлады

АСТАНА. KAZINFORM — Мұнай танкері теңіз минасына жарылып, Ормуз бұғазының шығыс бөлігінде өртенген. Бұл туралы Иран Әскери-теңіз күштері қолбасшылығының Қоғаммен байланыс басқармасы мәлімдеді, деп жазады Анадолы.

Фото: Анадолы

Хабарламаға сәйкес, оқиға бүгін таңертең бұғаздың шығыс бөлігінде болған.

— Бүгін таңертең бұған дейін берілген ескертулерге қарамастан, бақылау және сәйкестендіру жүйелерін өшіріп, Ормуз бұғазының шығыс бөлігіндегі қауіпті әрі жабық аймақ арқылы өткен мұнай танкері теңіз минасына жарылып, өртеніп, тоқтап қалды, — делінген хабарламада.

Иранның әскери ведомствосы Ормуз бұғазының шығыс бөлігіндегі «жабық аймақ» арқылы өтетін кез келген кеменің минаға жарылып, өртену қаупі бар екенін ескертті.

Сондай-ақ ведомствоның хабарлауынша, басқа кемелермен болған оқиғаларға қарамастан, кеме иелері АҚШ-тың қолдауына сеніп, танкерлерді мина қойылған сулар арқылы жіберуді жалғастырып келеді.

12 шілдеде Иран 8 шілдеде АҚШ шабуылдары қайта басталғаннан кейін Ормуз бұғазын қайта жабатынын мәлімдеген.

Тегеран бұғаз арқылы «рұқсатсыз» өтетін немесе Иран билігі белгілеген бағыттан ауытқитын кемелерге соққы жасайтынын ескерткен.

Бұған дейін Ормуз бұғазында екі ірі мұнай танкері мен буксирден өрт шыққаны белгілі болды. Танкерлердің бірі Тегеранмен келісілмеген бағытпен өтуге әрекет жасаған кезде теңіз минасына жарылған