Иран: Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының қашан жанданатыны АҚШ-қа байланысты

АСТАНА. KAZINFORM – Иран қажетті шарттар орындалған жағдайда Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын жеті күн ішінде қалпына келтіруге болатын жоспарды АҚШ-қа ұсынды. Бұл туралы жұма күні Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи мәлімдеді, деп хабарлады Синьхуа агенттігі .

Фото: Fars

А.Арагчидің айтуынша, Иран АҚШ-қа Катар арқылы «жеті күнге арналған нақты жоспар» жолдаған. Оның сөзінше, жеті күндік мерзім Вашингтон осы жоспарды қабылдаған сәттен бастап есептеледі.

Жоспарға сәйкес, АҚШ белгілі бір шараларды қабылдауы керек. Иранның бағалауынша, бұл шараларды жүзеге асыруға төрт-бес күн қажет болуы мүмкін. Ал алтыншы күні бұғаз ашылады.

– Жетінші күні АҚШ-пен өзара келісілген мәселелер бойынша түпкілікті келісімге қол жеткізу үшін келіссөздер басталады, – деп түсіндірді А.Арагчи.

Министрдің айтуынша, АҚШ орындауы тиіс барлық шара жаңа талаптар емес. Олар маусым айында екі ел басшылары қол қойған өзара түсіністік туралы меморандумда бұған дейін қамтылған.

– Егер америкалық тарап келісімге келіп, Ормуз бұғазын қайта ашуға шындап ниетті болса, онда барлығы дайын екенін айта аламын. Енді таңдау Америка Құрама Штаттарының қолында, – деді А.Арагчи.

Министр Иранның қысымға, қоқан-лоқы мен қорқытуға жол бермейтінін және қысым жағдайында өзінің егемендік құқықтарынан бас тартпайтынын атап өтті.

18 маусымда АҚШ пен Иран Ливанды қоса алғанда, аймақтағы барлық майданда соғысты тоқтату жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған. Құжатқа сәйкес, тараптар түпкілікті келісімге қол жеткізу үшін 60 күн ішінде, яғни 17 тамызға дейін келіссөз жүргізуі керек болған. Алайда екі ел арасындағы қарым-қатынастың соңғы кездері шиеленісуіне байланысты бұл келіссөздердің тағдыры әзірге белгісіз.

Еске сала кетсек, Трамп Иранның бітімге келу туралы ұсынысынан бас тартқанын растады.