Иран парламентінің депутаттары елдегі толқуларды талқылайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комиссиясы соңғы аптада елде болған келеңсіз оқиғаларды талқылау үшін бүгін шұғыл отырыс өткізеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА IRNA-ға сілтеме жасап.

«Иранның кейбір қалаларында жуырда болған оқиғаларға байланысты түстен кейін тиісті лауазымды тұлғалардың қатысуымен отырыс өтеді. Олар алдағы уақытта мұндай оқиғаларды болдырмау жолдарын талқылайды», - дейді ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Камал Дехган Фирузабади.

Соңғы 3 күнде БАҚ-та Иранның бірнеше қаласында елдегі экономикалық жағдайға байланысты өтіп жатқан митингілер туралы хабарлар таралған.

Жексенбі күні министрлер кабинетінің отырысында ел президенті Хасан Роухани сол оқиғалар жайында пікір білдіріп: «Баршаға айдан айқын болуы керек, біз азат ұлтпыз әрі бұл біздің Конституциямыз бен азаматтарымыздың құқықтарына негізделеді», - деген болатын.

Оның айтуынша, әр азамат сын айтуға құқылы, бірақ айтылған сын халық өмірін жақсартуға қызмет етуі тиіс.