Иран Парсы шығанағында екі танкерді ұстап алды
АСТАНА. KAZINFORM — Иранның құқық қорғау органдарына Парсы шығанағында Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) ұстаған екі танкердің 15 экипаж мүшесі тапсырылды. Тегеранның нұсқасы бойынша, бұл кемелер «бір миллион литрден астам контрабандалық отын» тасымалдаған. Бұл туралы Иранның Tasnim ақпарат агенттігі хабарлады.
Иран Қарулы күштерінің элиталық бөлімшелері саналатын Ислам революциясы сақшылар корпусының әскери-теңіз күштері Парсы шығанағында шетелдік экипаждары бар екі мұнай танкерін ұстады.
Иран тарапының айтуынша, кемелер «бір миллион литрден астам контрабандалық отын» тасымалдаған. Қазіргі таңда экипаж мүшелерінің азаматтығы мен танкерлердің қай елдің туы астында жүзгені туралы ақпарат жарияланған жоқ.
Жалпы саны 15 экипаж мүшесі Иранның құқық қорғау органдарына тапсырылды, олар сот алдында жауап береді.
Айта кетейік, Ирандағы жанармай бағасы әлемдегі ең төмен бағалардың бірі саналады, бұл отынды басқа елдерге заңсыз тасымалдауды аса табысты кәсіпке айналдырып отыр.
Иран катерлері АҚШ танкерін басып алуға тырысты
Бұған дейін, 3 ақпанда Reuters агенттігі мен The Wall Street Journal газеті Иранның алты қарулы катері Ормуз бұғазында АҚШ туы астында жүзіп келе жатқан Stena Imperative танкеріне жақындағанын хабарлаған еді. Оқиға Оманның солтүстігінен шамамен 30 шақырым жерде болған.
Иран катерлерінен танкер экипажына қозғалтқышты тоқтатып, кемені басып алуға дайындалу туралы бұйрық берілген. Алайда Stena Imperative жылдамдығын арттырып, қозғалысын жалғастырған, кейіннен АҚШ әскери кемесінің ілесіп жүруімен қауіпсіз аймаққа шыққан.
Ормуз бұғазы Парсы шығанағын Оман шығанағымен, Араб теңізімен және Үнді мұхитымен байланыстырады. Бұл теңіз жолы арқылы әлемдік мұнай өндіру көлемінің шамамен бестен бірі тасымалданады. 2025 жылғы маусым айында Ислам революциясы сақшылар корпусының әскери-теңіз күштері қолбасшылығының өкілі АҚШ тарапынан шабуыл жасалған жағдайда Ормуз бұғазын жабамыз деп қоқан-лоққы білдірген.
Еске сала кетейік, Иран мен АҚШ арасындағы ядролық бағдарлама бойынша келіссөздер Оман астанасы Маскат қаласында өтеді. Кездесу жұма күніне жоспарланған және жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 10:00–де (Гринвич уақытымен 06:00–де) басталуы тиіс.