Иран президенті АҚШ пен Израильдің Газадағы әрекетін геноцид деп атады

АСТАНА. KAZINFORM – Иран президенті Масуд Пезешкиан Газа секторында АҚШ-тың тікелей қолдауымен жасалып жатқан әрекеттерді геноцид және адам құқықтарын өрескел бұзу деп бағалады, деп хабарлайды IRNA .

Фото: IRNA

Иран басшысы бұл туралы 12 қазанда Дүниежүзілік пошта күніне арналған іс-шарада мәлімдеді.

Пезешкиан азаматтық инфрақұрылым мен ауруханаларға жасалған соққыларды, әйелдер, балалар және қарт адамдардың қаза табуын ешқандай әскери мақсатпен ақтауға болмайтынын атап өтті.

– Қазір Газада АҚШ-тың қатысуымен болып жатқан жағдай – нағыз геноцид. Адам құқықтарын қорғайтынын мәлімдейтін елдер болып жатқан оқиғаларға көз жұмып қана қоймай, қару-жарақ жеткізу арқылы бұл қылмыстарға жол беріп отыр. Осындай жағдайда олардың адам құқықтары туралы айтуы ұят, – деді Иран президенті.

Оның айтуынша, бейбіт тұрғындарды берілуге мәжбүрлеу мақсатында су мен азық-түлікке қолжетімділікті шектеу саясаты Батыс державаларының аймақтағы ресурстарды бақылауға алуға бағытталған шынайы мақсатын көрсетеді.

Иран басшысының мәлімдемесі Таяу Шығыстағы гуманитарлық дағдарысқа қатысты халықаралық талқылаулар жалғасып жатқан тұста жасалды.

Айта кетейік, бұған дейін БҰҰ Газа секторын қалпына келтіру және қайта құру үшін 71,5 млрд доллар қажет екенін мәлімдеген болатын. Ұйымның бағалауынша, инфрақұрылымға келтірілген тікелей залал 35,2 млрд долларға жеткен.