Иранның Tasnim ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Пезешкиан мұнай экспорттау мен одан түскен валюталық кірісті елге қайтару қиынға соғып отырғанын айтып, энергия тұтыну дағдысын өзгерту керегіне тоқталды.
— Соғыс кезінде көптеген қиындыққа тап болдық. Энергетика – соғыс жағдайында тиімді басқаруды талап ететін аса маңызды салалардың бірі, – деді ол елдің әскери қақтығыс кезінде кездескен мәселелеріне тоқталып.
Пезешкиан энергия ресурстарын тұтыну мәдениетін өзгертуге шақырды. Мысал ретінде семинар өткен залдың шамадан тыс жылытылғанын, ал жарықтың орынсыз қосылып тұрғанын айтты.
Иран басшысының пікірінше, мұндай іс-шаралар кезінде табиғи жарықты көбірек пайдаланып, жылу шығынын азайту үшін қатысушылар жылы киінуі керек.
Президент Иранның мұнай сатуда және одан түскен валюталық түсімді елге қайтаруда қиындықтарға тап болғанын жеткізді. Сондай-ақ елдің ішкі нарығын бензинмен қамту мәселесін көтерді.
— Бензин сатып алуға мүмкіндігіміз жоқ. Соған қарамастан, бұл бағытта тиісті шаралар қабылдауымыз керек. Егер мәселені шеше алмасақ, бензин импортына 12 млрд доллар жұмсауға тура келер еді. Бұрын бензинді шетелден сатып алатынбыз. Қабылданған шаралардың арқасында қазір импортқа мұқтаж емеспіз, — деді Масуд Пезешкиан.
Еске сала кетейік, Иран Кувейттегі АҚШ әскери базасы мен Бахрейндегі нысандарға соққы бергенін хабарлаған болатынбыз.