Иран президенті МАГАТЭ-мен ынтымақтастықты тоқтату туралы заңды мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM — Иран президенті Масуд Пезешкиян Меджлис қабылдаған, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) ынтымақтастықты тоқтатуды қарастыратын заңға қол қойды. Бұл туралы Anadolu жазды.
Иран мемлекеттік теледидарының хабарлауынша, Пезешкиян бұл заңның 25 маусымда қабылданғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл шешім «Израиль мен АҚШ-тың соңғы шабуылдарына, сондай-ақ МАГАТЭ-нің бұл әрекеттерді айыптаудан бас тартуына» жауап ретінде қабылданған.
Құжат үкіметке агенттікпен барлық ынтымақтастықты толық тоқтатуды міндеттейді.
Меджлис әзірлеген заң жобасы 221 депутаттың бірауыздан дауыс беруімен қабылданған. Оның соңғы тармақтары да басым дауыспен мақұлданды.
Жаңа заңға сәйкес, МАГАТЭ инспекторларына Иран аумағына кіруге тыйым салынып, барлық тексеру іс-шаралары тоқтатылады.
Сонымен қатар, үкіметке агенттіктің бас директоры Рафаэль Гроссимен де ешқандай қарым-қатынас жасауға тыйым салынады. Иран билігі оны «тыңшы» деп атады.
Құжаттың күші 1969 жылғы Вена конвенциясының 60-бабына сәйкес екі шарт орындалғанға дейін сақталады: Иранның егемендігі, аумақтық тұтастығы, ядролық нысандары мен ғалымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) 4-тармағына сәйкес бейбіт ядролық энергияны пайдалану құқығына құрмет көрсету.
Бұл шарттардың орындалуын Иранның Атом агенттігі өз есебінде растап, Ұлттық қауіпсіздік кеңесі мақұлдауы тиіс.
Үкімет заңның орындалу барысы туралы әр тоқсан сайын Меджлис пен Қауіпсіздік кеңесіне есеп беруге міндетті.
Бұған дейін Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бағаи Израиль мен АҚШ-тың шабуылдарынан кейін Иранның Халықаралық атом энергиясы агенттігімен (МАГАТЭ) ынтымақтастығы бұрынғыдай жалғаса алмайтынын мәлімдеген еді.