Иран мен Әзербайжан президенттері телефон арқылы сөйлесті
АСТАНА. KAZINFORM — Масуд Пезешкиан Иранның Нахчыванды атқылауға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Иран президенті Масуд Пезешкиан Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, Тегеранның Нахчывандағы екі ұшқышсыз аппарат бойынша болған оқиғаға қатысы жоқ екенін айтты.
Екі ел басшының әңгімесін Әзербайжан президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып ТАСС агенттігі хабарлады.
— 8 наурызда Иран тарапының бастамасымен президенттер Масуд Пезешкиан мен Ильхам Әлиев телефон арқылы сөйлесті. Әзербайжан басшысы Нахчыванда болған оқиғаны тергеудің маңыздылығын атап өтті, - делінген хабарламада.
— Өз кезегінде Масуд Пезешкиан Нахчыванға жасалған әуе шабуылы оқиғасының Иранға қатысы жоқ екенін мәлімдеді және бұл жағдай тергелетінін атап өтті, - деп нақтылады баспасөз қызметі.
Бұған дейін Әзербайжанның Нахичыванында пилотсыз ұшу аппараттары (ПҰА) апатқа ұшырағанын жазған болатынбыз.
БАҚ хабарламаларына сәйкес, оқиға Нахчыван халықаралық әуежайы мен оған жақын орналасқан ауылдардың маңында болған. Дрондардың бірі Нахчыван халықаралық әуежайының терминал ғимаратына, ал екіншісі Шекерабад ауылындағы мектептің маңына құлаған. Оқиға салдарынан екі бейбіт тұрғын жарақат алды.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иранның ұшқышсыз ұшу аппараттары Нахчыван қаласындағы әуежайды атқылауына байланысты ұстанымын мәлімдеді.
Кейіннен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Нахчыван әуежайына соққыны айыптағаны үшін алғыс білдірді.