Иран президент Пезешкианның отставкаға кеткені туралы ақпаратты жоққа шығарды

АСТАНА. KAZINFORM – Иран президенті әкімшілігінің коммуникациялар департаменті басшысының орынбасары Мехди Табатабаи президент Масуд Пезешкианның отставкаға кеткені туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Анадолу жазды.

Фото: Анадолу

Табатабаи бұл мәлімдемені X әлеуметтік желісінде тараған хабарламаларға байланысты жасады. Ол Масуд Пезешкианның халыққа қызмет етуден бас тартпайтынын атап өтіп, президенттің қызметінен кетуі туралы ақпаратты теріске шығарды.

Табатабаи мұндай мәлімдемелерді кейбір шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының кезекті «ойындарының» жалғасы деп атады.

Сондай-ақ ол Иран халқының бірлігі мен ынтымағынан айнымайтынын айтты.

– Ирандықтардың ұлттық бірлігін бұзып, іріткі салуға бағытталған әрекеттер тағы да сәтсіздікке ұшырады, – деді Мехди Табатабаи.

Айта кетейік, АҚШ ұстанымын өзгертсе, Иран келіссөздерді қайта бастауға дайын екенін Пезешкиан мәлімдеді.