Иран Президенті су дағдарысы жайлы ескертті

Фото: Tasnim News

АСТАНА. KAZINFORM — Иранның бір бөлігі, оның ішінде ел астанасы Тегеран ауыз су тапшылығына тап болды. Бұл жағдайды билік қатты құрғақшылықпен және жауын-шашын мөлшерінің күрт төмендеуімен байланыстырады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Иран Президенті Масуд Пезешкиан елдегі бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілерімен кездесуде Талекан су қоймасынан Тегеранға тәулік бойы су жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл шаралар ел астанасы орналасқан өңірдің күзгі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған. Алайда, оның айтуынша, бұл қадамдардың тиімділігі әзірге белгісіз, өйткені аймақтағы жауын-шашын мөлшері 45 пайызға азайған.

Пезешкиан сонымен қатар ирандық ғалымдар мен интеллигенцияны елдің басты проблемаларын шешуге көмектесуге шақырды:

— Бүгінде еліміз көптеген қиындықтарға, соның ішінде су тапшылығы мен жер қабатының шөгуіне тап болуда. Себебі біз «даму» деген сылтаумен ресурстар мен тұтыну арасындағы тепе-теңдікті бұздық, — деп келтіреді Президенттің сөзін Tasnim агенттігі.

Шілде айында Пезешкиан Тегерандағы күрделі су жағдайы туралы алғаш рет ескерткен болатын.

Иранның IRIB ақпарат агенттігінің мәліметінше, елдегі су қоймалары тек 42 пайызға ғана толған. 2024 жылғы 22 қыркүйекте басталған ағымдағы гидрологиялық жыл басталғалы бері елдегі бөгеттерге 23,56 миллиард текше метр су жиналған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42 пайызға аз.

9 тамызда Тегеран су арнасы компаниясының 5-округтік бөлімінің бас директоры Мохаммад-Таги Хоссейнзаде ел астанасындағы су қоймаларындағы су қыркүйек айының соңына дейін ғана жетуі мүмкін екенін айтты. Ол тұрғындарды суды үнемдеуге шақырды.

IRIB мәліметінше, егер Тегеран мен Караджде су тұтыну тағы 12 пайызға азайса, күзді ауыз судың ірі үзілістерінсіз өткізуге болады. Билік өкілдері Тегерандағы ауыз судың жартысы жер асты көздерінен, жартысы жер үсті көздерінен алынады деп атап өтті. Қазан айында Тегеран провинциясындағы үш су қоймасы пайдалы көлемінен айырылса да, өзендер арқылы су ағымы есебінен сумен жабдықтауды жалғастырады.

Иранның Су ресурстары басқармасы мәлімдегендей, су тапшылығының негізгі себебі — бұрын-соңды болмаған құрғақшылық, ол елді ағымдағы су жылының басынан бері жайлаған.

Сарапшылардың пікірінше, Иран табиғи ресурстар тапшылығына тап болып отыр. Бұған қуаң климат, халық санының өсуі, суды шектен тыс тұтыну және тиімсіз басқару себеп. Мамандардың бағалауынша, елдің су ресурстарының 80 пайызы ауыл шаруашылығында пайдаланылады.

Deutsche Welle хабарлауынша, қазіргі құрғақшылық рекордтық аптап ыстықпен қатар жүріп жатыр — кейбір өңірлерде температура 50 градустан асып кеткен. Тегеранда жауын-шашын мөлшері соңғы 60 жылда болмаған ең төменгі деңгейге түскен. Сарапшылар елдегі су қоймаларының 80 пайызы босап қалуға жақын екенін және су дағдарысын шешуге бағытталған жүйелі жоспарлардың жоқтығын атап өтті.

Тұрақты даму жөніндегі сарапшы Нассер Карами Тегеран мен өзге ірі қалалардың қазіргі жағдайын былай сипаттады: «Жағдай тек жаңа су көзін табумен шешілмейді». Оның пікірінше, бұл дағдарыстан шығу үшін ауқымды реформалар қажет — ауыл шаруашылығы саясатын қайта қарау, су үнемдеу технологияларын енгізу, сондай-ақ қалалардың бақылаусыз өсуін шектеу.

Бұған дейін Иран билігі қалыптан тыс аптап ыстыққа байланысты бірқатар провинцияларда мемлекеттік мекемелерді жабу туралы шешім қабылдаған болатын.