Иран президенті 34 жылдан кейін Мысырға бірінші рет ресми сапармен келді

АСТАНА. 5 ақпан. ҚазАқпарат - Иран президенті Махмұд Ахмадинежад Мысырға ресми сапармен келді. Бұл парсы мемлекеті басшыларының 1979 жылдан бергі перғауындар еліне тұңғыш рет табан тіреуі. 34 жыл бұрын Ирандағы Ислам төңкерісінен кейін Мысыр бұл елмен дипломатиялық қарым-қатынасын мүлде үзген болатын. Дәл осы жылы АҚШ-тың Кэмп-Дэвид қаласында Мысыр мен Израиль өзара бейбіт келісімге қол қойды.

muslim.kz сайтының жазуынша, Мысыр президенті Мұхаммед Мурси ирандық әріптесін үлкен құрметпен қарсы алды. Мурси өз кезегінде былтырғы жылдың тамыз айында Тегеранға барған еді. Сол сапар кезінде Тегеран мен Каирде екі елдің елшіліктерін ашу туралы келісімге қол жеткізілген болатын. Иран-Мысыр арасындағы жақындық 2011 жылы Хосни Мүбәрәкті тағынан құлатқан «араб көктемінен» кейін жанданып сала берді.

Махмұд Ахмадинежад осы жолғы сапарының аясында Каирде өтетін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының (ИЫҰ) саммитіне қатыспақшы. Саммит жұмысы ертең басталмақ. Сонымен бірге, ол Әл-Азхар университетінің төрағасы және мешітінің бас имамы, шейх Ахмед Әл-Таибпен кездеседі.