23:02, 06 Сәуір 2009
Иран Президенті ядролық энергетика «терминін» ядролық бомбамен шатастырмау қажет деп есептейді
АСТАНА. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Иран Президенті Махмұд Ахмадинеджад ядролық энергетика «терминін» ядролық бомбамен шатастырмау қажет деп есептейді. Ол бұл пікірін бүгін Астанадағы баспасөз мәслихатында білдірді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Ядролық мәселеге қатысты айтатын болсақ, екі мәселеге баса назар аудару қажет. Біріншіден, біз ядролық отынның мән-мағынасын өзгертуіміз қажет, яғни, ядролық энергетика дегеніміз ядролық қаруды білдірмейді. Ядролық энергетиканы ядролық бомбамен салыстыру басталған сәттен бері бұл энергия бірқатар елдердің монополиясына айналды. Ядролық энергетиканың өте пайдалы энергетика екенін айту қажет. Барша адамзат осы энергетиканы пайдалануы тиіс», - деді өз сөзінде М. Ахмадинеджад.Бірқатар елдер ядролық энергетиканы ядролық бомбамен біркелкі салыстырып отыр деп айта алмайтынын жеткізген Иран басшысы: «Алайда, біз бұл терминді теріс пайдаланып жүргендерді байқаудамыз. Мүмкін, бұл әдейі жасалған болар», деді. Оның пайымдауынша, екінші назар аударатын мәселе: ядролық державалар қарусызданулары тиіс. «Осылайша олар өздерінің уайымдарын да және барша адамзаттың уайымын да жоя алады. Сөйтіп бұл мәселе түп-тамырымен жойылып, шешімін табады», - деді М. Ахмадинеджад.